ТДМ 4 – Сапалы білім аясындағы ағартушылық іс-шара
2026 жылғы 16 ақпанда Алматы қаласы №133 мектеп-гимназиясында оқушылар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ағартушылық дәріс өткізілді. Аталған іс-шара ТДМ 4 – Сапалы білім қағидаттарына сәйкес жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Кездесуге Адматы қаласы дін істері басқармасы аясында құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қаңтарбаева Жанна Орынбасарқызы қатысты. Сарапшы өз сөзінде деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілерін, экстремистік идеялардың таралу тәсілдерін, сондай-ақ ұлттық және діни құндылықтардың өзара байланысын, әлеуметтік желідегі киберқауіпсіздік туралы жан-жақты түсіндірді.
Дәріс барысында жастардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалған діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін қоғамдағы жалпы мәдениет деңгейін көтерудің, құқықтық сананы қалыптастырудың және отбасы мен әлеуметтік ортада төзімділік құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығы атап өтілді.
Шара интерактивті форматта өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Шараға жүзден астам оқушылар қатысты. Қатысушылар тарапынан қызығушылық жоғары болып, іс-шара оң бағаланды және мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
Бұл бастама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қоғаммен байланысын нығайтып, оның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, университет ғалымдарының сараптамалық әлеуетін білім беру ұйымдарына енгізу арқылы жастардың сапалы білім алуына және қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыруға нақты үлес қосады. Осындай іс-шаралар университеттің ұлттық деңгейдегі беделін арттырып, білім мен ғылымды қоғам игілігіне бағыттау миссиясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
