Түркі әлемі географтарының III Конгресі Бұхарада ашылды
2026 жылғы 26 наурызда Бұхара қаласында Түркі әлемі географтарының III Конгресінің ашылу салтанаты өтті. Халықаралық ғылыми форум түркі елдері арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.
Конгрестің ашылу рәсіміне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы қатысты. Конгресс аясында ҚазҰУ ректоры баяндама жасап, түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ықпалдастықтың маңызын, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы география ғылымының рөлін, сондай-ақ ортақ зияткерлік және білім беру кеңістігін дамытудың өзектілігін атап өтті.
Сонымен қатар ректор әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми еңбектері мен жетістіктерін таныстырып, университеттің ғылыми әлеуеті мен қазіргі география ғылымын дамытуға қосып отырған үлесін көрсетті.
Іс-шара барысында Түркі әлемі географтары конгрестерінің маңызды халықаралық ғылыми дәстүрге айналғаны атап өтілді. Алғашқы Конгресс 2024 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында өтті, екіншісі 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылды, ал 2026 жылы оның жалғасы Бұхара қаласында өтіп отыр.
Конгресс жұмысына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар қатысуда. Қатысушылар қатарында география ғылымының белгілі өкілдері, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары да бар. Олар университеттің ғылыми жетістіктері мен әлеуетін халықаралық деңгейде лайықты түрде таныстыруда.
Сапар аясындағы маңызды нәтижелердің бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Бұхара мемлекеттік педагогикалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат ғылым, білім, академиялық ұтқырлық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру салаларындағы серіктестік байланыстарды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар ғылымды, жоғары білімді және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындау ретінде ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлына құрметті профессор атағы берілді.
Конгресс жұмысына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстаннан келген белгілі ғалымдар қатысуда. Олардың қатарында Мұхиттин Шимшек, Еюп Артвинли, Бюлент Аксой, Ибрахим Химметоглы, Халил Тогжаг, Исмайлов Чингиз, Торебекова Тамара Аскаровна, Сыдықназаров Мұхит-Ардагер бар. Олардың қатысуы форумның жоғары ғылыми деңгейі мен халықаралық маңызын айқындай түседі.
Қазақстандық география ғылымының көрнекті өкілдері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Темирбеков Аманельды Тажиевич, Есназарова Улжалғас Амзеевна, Аскарова Маулкен Акишевна, Нюсупова Гульнара Нурмухамедовна, Токбергенова Айгуль Абдугаппаровна және Базарбаева Турсынкул Амангельдиевна Конгресс жұмысына белсене қатысып, университеттің ғылыми жетістіктері мен әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруда.
Түркі әлемі географтарының III Конгресі халықаралық ғылыми диалогты нығайтуға, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларындағы жаңа бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болды.





Басқа жаңалықтар