- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Сенің кеудеңде ғаламат рух бар»: ҚазҰУ-да «Дардай» романының авторымен кездесу өтті
«Сенің кеудеңде ғаламат рух бар»: ҚазҰУ-да «Дардай» романының авторымен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында танымал қаламгер, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезекпен әдеби кездесу өтті.

2026 жылдың 19 наурызында тұрақты даму мақсаттарының «Сапалы білім беру» бағытын негізге алған шараны қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ассистент-профессоры, филология ғылымдарының докторы Г.Ж. Болатова және филология ғылымдарының докторы, профессор С.Б. Ержанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Әбдиманұлы, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Е.М. Солтанаева мен «8D02304 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары Б.К. Хасанова, Е.Б. Рапаш, Т.Н. Нышанбаева ұйымдастырды. Сондай-ақ шараға студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысып, авторға бүгінгі әдеби толқынның бағыты мен ақынның өз шығармашылығына байланысты сұрақтар қойды.

Шараның басты мақсаты – студенттерді қаламгер Ақберен Елгезектің шығармашылығымен етене таныстырып, жазушылықтың қыр-сырын меңгерту, заманауи әдебиеттің бүгінгі бейнесімен жүздестіру.
Шара әдеби-сазды кеш форматында өтті. Жалпы үш бөлімнен тұратын кешке кафедра оқытушылары да қатысып, әдемі кештің куәсі болды.
Шараның алғашқы бөлімінде Ақберен Елгезектің «Дардай» романы талқыланды. 3-курс студенті Нұрғали Аяулым «Цифрлық оқырман рецепциясы» тақырыбында баяндама қорғап, романды оқырманның қабылдауы тұрғысынан талдап көрсетті. Ал 3-курс студенті Бекқұлы Балнұр болса «Қазіргі қоғамдағы проблемалардың романдағы көрінісі» тақырыбында баяндама қорғады. Ол өз баяндамасында роман ішінде әлеуметтік мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеген. Соның нәтижесінде аталмыш романның идеясы оқырман қауымға жаңа қырынан ашылды. Әрбір баяндама соңында студенттер тарапынан авторға сұрақтар қойылып, романның идеялық, көркемдік тұстары ерекше сипатта ашылды деуге болады.
Шараның екінші бөлімі студенттердің сызылта өлең оқуымен жалғасты. 3-курс студенті Дербіс Ұлназ автордың «Мінәжат» өлеңін оқып, тыңдаушы қауымды ерекше сезімге бөлесе, 1-курс студенті Мухарап Арайлым автордың «Сені ешкімге бермеймін» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шараның үшінші бөлімі автормен сұхбатқа жалғасты. Студенттер романға байланысты сұрақтарын қойып, автор идеясын тануға тырысса, магистранттар романдағы әлеуметтік мәселелерге байланысты сұрақтар қойып, шығарманың әлемдік әдебиеттегі рөлін анықтауға тырысты. Осылайша білім алушылар мен автор арасында еркін сұхбат орнады.
Шара соңында жас ақын, 1-курс студенті Құлахмет Елсияр домбырамен авторға арнау ән айтып, көңілді күйде шараны аяқтады. Кеш соңынан студенттер автормен суретке түсіп, жазушының қолтаңбасын алды.
1-курс докторанты
Нышанбаева Тоқжан
Басқа жаңалықтар