Жапон студенттеріне арналған қазақ тілі оқулығы
Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафердасы жапонтану бөлімінің оқытушылары Ниномия Такаши мен Шадаева Мадина құрастырған «Практикалық қазақ тіліне кіріспе» оқулығының өңделген үшінші басылымы Цукуба университетінің баспасынан жарық көрді. Цукуба университетінің бастамасымен жазылған бұл оқулықтың алғашқы басылымы 2018 жылы жарық көрген болатын. Оқулық қазақ тілін үйренгісі келетін жапон студенттеріне арналып жапон тілінде жазылған. Бас-аяғы 10 сабақтан тұратын оқулықта бастапқы деңгейдің негізгі грамматикасы қамтылып, оқулық соңында қазақша-жапонша, жапонша-қазақша шағын сөздік берілген.
Университеттің Жазғы мектеп және Қысқы мектеп бағдарламасымен Жапонияның түрлі университетінен қысқа мерзімге қазақ тілін үйренуге келетін жапон студенттеріне қазақ тілін оқытуда осы оқулық қолданылып жүр. Оқулық авторлары мазмұнын әлі де жетілдіріп, алдағы уақытта жаттығулар жинағы мен мәтіндер жинағын да құрастырмақ.
