«Қазақ тілі дәстүрлі сөзсаптам үлгілері»
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ филологиясы мамандығы студенттері үшін мазмұнды әрі ғылыми-танымдық дәріс ұйымдастырылды.
Дәрісті филолог, тіл маманы Farabi University және KBTU сеньор-лекторы Арын Құнанбайұлы «Қазақ тілі дәстүрлі сөзсаптам үлгілері» тақырыбында жүргізді.

Дәріс барысында қазақ тіліндегі дәстүрлі сөзсаптамдардың табиғаты, олардың қазіргі сөйлеу мәдениетіндегі қызметі мен қолданыс аясы ғылыми тұрғыдан жан-жақты талданды. Сонымен қатар, жастар тіліндегі нормадан ауытқу құбылыстары мен калька мәселелері сараланып, тілдік бірліктердің нормативтік сипаты дәлелді түрде негізделді. Атап айтқанда, «содан соң – сосын», «солтүстік – солтұстік», «жұмыс жасайды – жұмыс істейді» тәрізді қолданыстарға ғылыми баға берілді.
Сондай-ақ халық әндеріндегі дәстүрлі сөзсаптам үлгілері мен қолданыстан көмескіленіп бара жатқан тілдік бірліктерге ерекше назар аударылды.
Іс-шара 1000 kitap әдебиет үйі алаңында өтті.
Іс-шараны А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы оқытушылары – доцент Ә. Әміров, PhD Ж. Сәрсенбай, магистр М. Хамитова ұйымдастырды.
Аталған дәріс студенттердің ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырып, тіл мәдениеті мәселелеріне жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етті. «Болар елдің балалары бір-бірін батыр дер» демекші, бүгінгі жастардың да айтары бар, ғылыми ізденіске деген талпынысы жоғары екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.