«Құрандағы білім концепциясы» тақырыбында ғылыми-танымдық семинар өтті
2026 жылғы 11 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінде «Құрандағы білім концепциясы» тақырыбында ғылыми-танымдық семинар өтті. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім», яғни баршаға сапалы әрі әділ білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін қолдау аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл бастама қазіргі білім беру жүйесінде рухани-этикалық құндылықтарды күшейту қажеттілігін айқындайтын маңызды ғылыми алаң ретінде бағаланды.
Семинар факультеттің ғылыми-әдістемелік қызметін дамытуға және студенттердің рухани-адамгершілік дүниетанымын кеңейтуге бағытталған іс-шаралар топтамасының бір бөлігі болды. Мұндай кездесулер білім мен тәрбие үдерісінің бірлігін қамтамасыз етіп, жастардың дүниетанымдық бағдарларын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.
Іс-шараның арнайы қонағы – исламтанушы, PhD Самет Оқан, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіоқытушысы. Ол қатысушыларға «Қысқа сүрелердің тәпсірі» атты еңбегін таныстырды. Бұл еңбекте Құранның қысқа сүрелері діни, лингвистикалық және философиялық тұрғыдан талданып, олардың мазмұны қазіргі заман құндылықтарымен байланыстырылған.
Семинар барысында Құрандағы білім, таным, жауапкершілік және рухани кемелдену ұғымдарына, сондай-ақ олардың қазіргі жоғары білім беру жүйесімен байланысына ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұл қағидалардың тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы және қоғам дамуына ықпал етудегі рөлін талқылады. Сонымен бірге, білімді тек ақпарат ретінде емес, адамды кемелдікке жетелейтін құндылықтық категория ретінде түсіну қажеттігі атап өтілді.
Баяндаманың жеке бір бөлігі ғылыми және публицистикалық мәтін жазу бойынша практикалық ұсыныстарға арналды. Спикер саналы ниеттің, тақырыпты нақты айқындаудың және материалды терең меңгерудің маңыздылығын атап өтті. Ол әртүрлі дереккөздерге сүйену, ғылыми дәлдікті сақтау және мәтіннің логикалық құрылымын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Сондай-ақ жазу мәдениеті, редакциялау, ойды анық жеткізу және артық сөзден арылу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар, кітап жазу тәртіпті, жүйелі еңбекті және ішкі мотивацияны талап ететіні айтылды. Негізгі қағидалар ретінде ғылыми адалдық, плагиаттан бас тарту және дереккөздерді дұрыс рәсімдеу атап өтілді. Спикердің айтуынша, мазмұн сапасы сыртқы безендіруден жоғары тұруы тиіс, алайда мәтінді ұсыну мен дизайн да маңызды рөл атқарады.
Семинар студенттер, магистранттар және жас зерттеушілер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Талқылау барысында Құрандағы білім концепциясының адам капиталын дамытудағы, құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы рөлі қарастырылды.
Іс-шара Масанчи көшесі, 39 мекенжайындағы 123-аудиторияда өтті және жоғары ғылыми деңгейімен әрі белсенді пікірталасымен ерекшеленді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, семинар сапалы білімді ілгерілетуге және рухани құндылықтарды академиялық кеңістікке енгізуге маңызды үлес қосты. Мұндай ғылыми кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, университет қабырғасында зияткерлік және рухани орта қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Ұйымдастырушылар
• Байтенова Н. Ж. – дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы
• Бағашаров Қ. С. – дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD)
• Мырзабасов Д. – дінтану және мәдениеттану кафедрасы, «8D02204 – Исламтану» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты
• Жүнісбаев Ш. Д. – дінтану және мәдениеттану кафедрасы, «8D02204 – Исламтану» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты