ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ ҚАДАМ: СТУДЕНТТЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
2026 жылдың 1 сәуірінде Алматы қаласындағы Түркия елшілігінде өткен маңызды кездесу халықаралық білім беру ынтымақтастығының жаңа кезеңін айқындаған ерекше оқиға болды. Аталған шараға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Tuğba Özdenfedakar ханым мен білім аташесі Şükür Kose қатысып, екі ел арасындағы академиялық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі А. Халел, профессор-оқытушылар Дулаева Э., Назарова А., Саваш Шахин және кафедра студенттері белсенді түрде қатысты. Бұл құрам кездесу аясында білім мен ғылымның өзекті бағыттарын талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Шараның басты мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру, ғылыми зерттеу және кәсіби тәжірибе салаларындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру болды. Кездесу барысында студенттердің халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, олардың кәсіби дағдыларын дамыту және жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мәселелері кеңінен қарастырылды.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Түркия елшілігінің бастамасымен жетекші халықаралық компаниялармен өзара ынтымақтастық орнату болды. Атап айтқанда, RAMS, TAV Holding және Алматы халықаралық әуежайы сынды ірі ұйымдарда студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жол ашылды. Бұл келісімдер білім алушыларға теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында студенттер Түркиядағы білім беру жүйесі, тағылымдама бағдарламалары және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, бұрын тәжірибеден өткен студенттердің өз тәжірибелерімен бөлісуі жастарға шабыт беріп, олардың кәсіби дамуына оң әсерін тигізді.

Аталған кездесу университеттің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, білім беру сапасын жетілдіруге де айтарлықтай үлес қосады. Мұндай бастамалар студенттердің көкжиегін кеңейтіп, олардың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал етеді.

Қорытындылай келе, бұл кездесу – білім мен тәжірибені ұштастырған, халықаралық серіктестікті нығайтқан және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашқан маңызды стратегиялық қадам.
Абелдаев Ж.
Кыркымбекова А.