ЛОНДОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ АФРИКАТАНУ ЗЕРТТЕУ МЕКТЕБІНІҢ (SOAS) ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ҒЫЛЫМИ-АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ — ҚазҰУ

91ý

ЛОНДОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ АФРИКАТАНУ ЗЕРТТЕУ МЕКТЕБІНІҢ (SOAS) ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ҒЫЛЫМИ-АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

1 сәуір 2026
ЛОНДОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ АФРИКАТАНУ ЗЕРТТЕУ МЕКТЕБІНІҢ (SOAS) ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ҒЫЛЫМИ-АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2026 жылғы 1 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Мұхаммед Али Джинна атындағы дәрісханада Лондон университетінің Шығыстану және Африкатану мектебінің (SOAS) өкілдерімен академиялық кездесу өтті. Делегация құрамын профессор Bhavna Dave басқарды.

Іс-шара Шығыстану және Африкатану мектебінің (SOAS) ұйымдастырған білім беру-танымдық сапар (Study Tour) аясында өткізілді. Бағдарламаға сәйкес қатысушылар Алматы және Бішкек қалаларында болып, өңірлік зерттеулермен танысады.

Іс-шараның мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулердің перспективаларын талқылау. Кездесуге факультет оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатысып, академиялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Аталған академиялық кездесуде Шығыстану факультетінің деканы М.Ш. Эгамбердиев факультеттің құрылымы, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу бағыттары және академиялық жетістіктерін атап өтті.

Кездесу аясында Шығыстану факультетінің докторанттары мен SOAS University of London студенттері арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Талқылау барысында қатысушылар Қазақстан тарихы, мәдениеті және Орталық Азия өңіріне қатысты зерттеулер бойынша ғылыми пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде профессор Б. Даве аталған сапардың білім беру және зерттеу тұрғысындағы маңызын айтты.

Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде зерттеуші-профессор Л.Г. Ерекешева «In Search of Identity: Archaeology as Knowledge Construction and Nation-Building» тақырыбында ағылшын тілінде ашық дәріс оқыды. Дәріс барысында археологияның білім беру және ұлттық бірегейлікті зерттеудегі маңызы талқыланып, қатысушылар арасында одан әрі ғылыми пікір алмасу жүргізілді.

SOAS University of London мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық 2023 жылы қол қойылған меморандум негізінде жүзеге асырылуда. Аталған іс-шара екіжақты академиялық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың құрамдас бөлігі.

Кездесу қорытындысы бойынша SOAS Лондан университетінен келген делегациясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Тараптар академиялық кездесу мазмұнының жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, өзара пікір алмасудың нәтижелі болғанын жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылар болашақта бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және институтаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында өзара қызығушылықтарын білдірді.