«Құрдымға апарар құмарлық. Нашақорлыққа қарсы күрес шаралары қандай?»
2026 жылғы 30 наурызда сағат 12:00-де 1 курс механика мамандығының студенттеріне куратор-эдвайзер Ахметова Балжанның ұйымдастыруымен «Құрдымға апарар құмарлық. Нашақорлыққа қарсы күрес шаралары қандай?» тақырыбында мазмұнды семинар сағаты өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, оның зияны мен қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағыт беру болды.
Семинар барысында нашақорлықтың қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі екендігі атап өтілді. Бүгінгі таңда есірткі заттарының түрлері көбейіп, олардың таралу жолдары да күрделене түскен. Әсіресе, психоактивті заттардың жаңа түрлері мен синтетикалық есірткілердің қолжетімді болуы жастар үшін үлкен қауіп төндіруде. Сонымен қатар «дәріхана» нашақорлығы да кеңінен талқыланды. Бұл – кейбір дәрілік препараттарды мақсатсыз әрі бақылаусыз қолдану арқылы тәуелділікке әкелетін қауіпті құбылыс.
Іс-шарада есірткінің цифрлық кеңістікте таралу жолдарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Darknet платформалары, түрлі мессенджерлер және криптовалюта арқылы жасалатын заңсыз сауда әдістері түсіндірілді. Мұндай жасырын тәсілдер құқық қорғау органдары үшін де үлкен қиындық туғызатыны айтылды. Сонымен қатар Ауғанстаннан келетін транзиттік есірткі ағыны мәселесі қозғалып, оның тек бір елге ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне әсер ететіні түсіндірілді. Қазіргі таңда есірткі заттарының таралуында әлеуметтік желілердің рөлі айтарлықтай артып отыр. Telegram, Instagram сияқты платформаларда жасырын аккаунттар арқылы заңсыз жарнамалар мен ұсыныстар таратылатыны айтылды. Мұндай парақшалар көбінесе кодталған сөздер мен белгілерді пайдаланып, құқық қорғау органдарынан жасырынуға тырысады. Сонымен қатар есірткі сатушылар жастарды оңай табыс табуға қызықтырып, «жұмыс» ретінде курьерлік қызмет ұсынатыны да ерекше алаңдаушылық туғызатыны атап өтілді. Бұл – көптеген жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге бейсаналы түрде араласып кетуіне себеп болуда. Ал мұндай әрекеттерге қатысу, соның ішінде есірткіні сақтау, тасымалдау немесе тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкелетіні және ешқандай жағдайда жазадан босатпайтыны ерекше атап өтілді. Семинар барысында студенттерге интернеттегі күмәнді ақпараттан сақ болу, бейтаныс сілтемелер мен ұсыныстарға сенбеу қажеттігі түсіндірілді. Цифрлық сауаттылықты арттыру және қауіпсіздік ережелерін сақтау – нашақорлықтың алдын алуда маңызды қадамдардың бірі екені айтылды
Сондай-ақ семинарда Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, алдын алу жұмыстарын күшейту, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық қорғау жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты арттыру және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту шараларын дамыту мәселелері қамтылды.
Студенттерге нашақорлықтың адам денсаулығына тигізетін зияны жан-жақты түсіндірілді. Есірткі қолдану адамның жүйке жүйесіне, психологиялық жағдайына, сондай-ақ әлеуметтік өміріне кері әсерін тигізетіні нақты мысалдар арқылы баяндалды. Зиянды әдеттерден бас тарту – әр адамның жеке таңдауы екені және оның болашағына тікелей әсер ететіні айтылды.
Семинар соңында студенттер белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Олар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу жастардың тақырыпты тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар студенттердің жауапкершілігін арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелейді.


Б.Қ.Әбенов,
деканның әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар