ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ: ТДМ бағдарламасы негізінде «ҚАРТТАР БІЗДІҢ ҚАЗЫНАМЫЗ» ЖОБАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫFarabi University

91ý

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ: ТДМ бағдарламасы негізінде «ҚАРТТАР БІЗДІҢ ҚАЗЫНАМЫЗ» ЖОБАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

3 сәуір 2026
ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ:  ТДМ бағдарламасы негізінде  «ҚАРТТАР БІЗДІҢ ҚАЗЫНАМЫЗ» ЖОБАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

2026 жылғы 3 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қарттар біздің қазынамыз» жобасы аясында тағылымды кездесу өтті. Іс-шара университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Шаңырақ әлеуметтік қызмет орталығы» ҚММ мекемесінде  өткізілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың өмірлік тәжірибесін насихаттау және жастардың бойында ізгілік, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.

 Іс-шара барысында қатысушылар қариялармен еркін сұхбат құрып, олардың тағылымға толы өмір жолымен танысты. Мұндай мазмұнды жүздесу студент жастар үшін рухани тәрбие мен өмірлік бағдар беретін маңызды алаң болды.

Кездесу аясында студенттер мен жас ғалымдар өнер көрсетіп, өлең оқып, ән шырқап, қариялардың көңілін көтерді. Ашық әңгіме, жылы жүздесу және шынайы ықыласқа толы атмосфера іс-шараның мәнін арттыра түсті. Қариялар өз кезегінде жастарға батасын беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Сонымен қатар, қайырымдылық шарасы ретінде университет ұжымы мен білім алушылар орталық тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алып, сонымен қатар аналар қолданатын  шаштараз құралдарын сыйға тартты. Бұл игі іс-жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы жанашырлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.

Аталған шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) де үндес келеді. Атап айтқанда, бұл бастама №3 ТДМ – «Сапалы денсаулық және әл-ауқат», №10 ТДМ – «Теңсіздікті азайту» және №17 ТДМ – «Мақсаттарға қол жеткізу үшін серіктестік» бағыттарын жүзеге асыруға өз үлесін қосады. Қарттарға қолдау көрсету, олардың өмір сапасын жақсарту және түрлі буын өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайту – тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі.

Бұл кездесу университеттің тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде жүзеге асыратын, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін іргелі мекеме екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Қарттар біздің қазынамыз» жобасы – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, рухани байланысты тереңдететін маңызды бастама ретінде өз жалғасын таба бермек.

Халел А.

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.