«Таза Қазақстан»: экономика кафедрасының тұрақты дамуға қосқан үлесіFarabi University

91ý

«Таза Қазақстан»: экономика кафедрасының тұрақты дамуға қосқан үлесі

4 сәуір 2026
«Таза Қазақстан»: экономика кафедрасының тұрақты дамуға қосқан үлесі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Наурызнама» кезеңінде жүзеге асырылған бастамалардың логикалық жалғасы ретінде жалпыуниверситеттік сенбілік өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «тазалық әр адамнан және әр ауладан басталуы тиіс», бұл экология мәселелерінде жеке жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетеді.

Аталған іс-шара университеттің барлық құрылымдық бөлімшелерінің оқытушылары мен студенттерін, қызметкерлерін біріктіріп, академиялық қауымдастықтың жоғары деңгейдегі экологиялық жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігін көрсетті.

Ауқымды акцияға 16 факультеттің өкілдері қатысты. Қатысушылар оқу қалашығының аумағын жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтардан тазалап, оқу корпустары мен жатақханалар маңын ретке келтірді, сондай-ақ ағаш түптерін әктеу жұмыстарын жүргізді. Жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Экономика кафедрасы да сенбілікке белсенді қатысты. Оқытушылар мен студенттер университет аумағының тазалығын сақтауға елеулі үлес қосып, кәсіби ғана емес, әлеуметтік жауапкершіліктерін де көрсетті.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында экономикалық факультет студенттері тұратын №16 Студенттер үйі аумағында да абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар жатақхана маңын тазалап, аула аумағын ретке келтіріп, студенттердің жайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

Аталған жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу барысында кафедра оқытушылары: И.У. Кулиев, Г.К. Иляшова, Д.Р. Тураров, С.К. Абильда және А.Ж. Сарсенова белсенді қатысып, студенттермен бірге жоғары деңгейдегі жауапкершілік пен белсенділіктің үлгісін көрсетті.

Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, ол ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 12 «Жауапты тұтыну және өндіріс» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл» мақсаттарымен тікелей байланысты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын дамыту және жастарды тұрақты мінез-құлыққа тарту қазіргі білім берудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Іс-шара барысында экономика кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор Г.Р. Даулиева мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, студенттер мен оқытушылардың белсенділігін жоғары бағалады. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыру қазіргі заман мамандарын даярлаудың маңызды құрамдас бөлігі екенін ерекше атап өтті.

Экономика кафедрасының аға эдвайзері Д.Р. Тураров, өз кезегінде, мұндай бастамалардың студенттерде қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастырып, экологиялық мәселелерді шешудегі ұжымдық әрекеттердің маңызын түсінуге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шараларға қатысу жастарды еңбекқорлыққа, өзара көмекке және табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді.

Сенбілік соңында кураторлар атынан PhD, экономика кафедрасының аға оқытушысы Г.К. Иляшова студенттерге белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау әрбір азаматтың ажырамас міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол экологиялық сананың қалыптасуы күнделікті қарапайым әрекеттерден, яғни тазалық сақтау мен қоғамдық пайдалы бастамаларға қатысудан басталатынын жеткізді.

Өткізілген сенбілік университет аумағын абаттандыруға қосқан нақты үлес қана емес, сонымен қатар болашақ мамандардың тұрақты құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік іс-шара болды.

Алдағы уақытта экономика кафедрасы тұрақты даму қағидаттарын білім беру және тәрбие үдерісіне енгізе отырып, экологиялық бастамаларға белсенді қатысуды жалғастыруды жоспарлап отыр.