Екі ел министрі ҚазҰУ-дың цифрлық жобаларын жоғары бағалады
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзірбайжан Республикасының ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заманауи ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысымен танысты.
Мәртебелі меймандар алдымен университеттің Робототехника және мехатроника бойынша құзыреттілік орталығының жұмысын көрді. «Өнеркәсіп 5.0» тұжырымдамасына негізделген бұл орталық өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру саласында жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған. Германиялық KUKA компаниясының заманауи роботтарымен жабдықталған алаң стартап жобаларды сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде орталық Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Hyundai Trans Kazakhstan секілді өндірістік алпауыттармен тығыз әріптестік орнатқан.

Сонымен қатар қос министрге Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институтының тыныс-тіршілігі баяндалды. Мұнда студенттер «Жасанды интеллект», «Мехатроника» және «Заттар интернеті» (IoT) бағыттары бойынша білім алып, өндірістік процестерді цифрлық ортада модельдеу дағдыларын меңгеруде. Бұл бағдарламалар бакалавриаттан докторантураға дейінгі үш деңгейде жүйелі жүзеге асырылып келеді.

Сапардың маңызды бөлігі ретінде министрлерге Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер кластері таныстырылды. Тартылған инвестиция көлемі 23 миллион долларды құрайтын бұл жоба Intel және NVIDIA процессорларына негізделген архитектурасымен ерекшеленеді. Өнімділігі 2000 терафлопсқа жететін кластер әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютердің қатарына енген және оның есептеу қуаты ең заманауи дербес компьютерлерден 10 мың есе жоғары.

Сапар соңында Әзірбайжанның ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне жоғары баға беріп, бауырлас екі мемлекет арасындағы ғылыми әріптестікті нығайтуға және тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар