Академик Мұхамбетқали Бүркітбаев ғылымның жауапкершілігін саралады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде химия ғылымының докторы, профессор, құрметті академик Мұхамбетқали Бүркітбаевтың «Радий қуанышы» атты дәрісі өтті. Шараға университет студенттері, магистранттар мен жас ғалымдар қатысты.
Жиынды Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, лектордың отандық химия ғылымына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.

Мұхамбетқали Мырзабайұлы – НАТО-ның беделді «ылым бейбітшілік үшін» сыйлығының лауреаты, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері және іргелі ғылыми мектеп қалыптастырған ұстаз. Проректор ғалымның жетекшілігімен 8 кандидаттық және 4 PhD диссертациясының сәтті қорғалғанын, оның шәкірттері бүгінде ғылымның түрлі саласында еңбек етіп жүргенін атап өтті.

Профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев дәріс тақырыбының мәнін аша отырып, «Радий қуанышы» тіркесінің мәнін Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасымен байланыстырды. «Мұндағы «қуаныш» сөзі – қасіреттің метафорасы. Бұл Қазақстан аумағындағы ядролық сынақтардың зардабын, радиацияның жоғары деңгейін және жеріміздің жарасына айналған қайғылы тарихты меңзейді», – деді ғалым.

Дәріс барысында профессор Семей ядролық сынақ полигонына жасаған экспедицияларының нәтижелерімен бөлісіп, еліміздегі қазіргі радиациялық жағдай туралы өзекті мәліметтерді ортаға салды. Сондай-ақ академик Қазақстандағы ядролық энергетиканың болашағына тоқталып, бұл стратегиялық саланы дамыту үшін ұлттық университет базасында білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын баса айтты.

Кездесу соңында жас ғалымдар мен студенттер радиациялық химия мен экологиялық қауіпсіздік төңірегінде сұрақтар қойып, академиктен тұшымды жауаптар алды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар