ҚазҰУ халықаралық сапа стандартына сәйкестігін растады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елдің жетекші жоғары оқу орны ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, ISO 9001:2015 халықаралық стандарты бойынша қадағалау аудитінен сәтті өтті.
Аудитті менеджмент жүйелерін сертификаттау және бағалау саласында әлемдік деңгейде танылған швейцариялық Swiss Approval компаниясының сарапшылары жүргізді.
Тексеру университет қызметінің барлық деңгейін қамтыды: әкімшілік бөлімшелерден бастап оқу факультеттеріне дейін. Сарапшылар тек құжаттаманы ғана емес, сонымен қатар ішкі процестердің тиімділігін, басқару жүйесінің ашықтығын және университеттің цифрлық трансформацияға дайындық деңгейін жан-жақты бағалады.
Аудит нәтижесінде ешқандай сәйкессіздік анықталған жоқ. Бұл — әлемдік деңгейдегі университет үшін ҚазҰУ-дағы барлық процестердің студентке бағдарланғанын және білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Швейцариялық сарапшылар университеттің үздіксіз даму қағидатына берік екенін атап өтті: оқу орны тұрақты жетіліп, білім беру ортасын үнемі жаңғыртып келеді.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуді жалғастырып, қазақстандық білім берудің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеуде. Сәтті өткен аудит университеттің Орталық Азиядағы жетекші білім беру және ғылыми орталық ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі