Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының жеңімпазы атанды — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының жеңімпазы атанды

22 маусым 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының жеңімпазы атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты Айдана Аслановна Ғалымжанова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Алматы қаласы әкімдігінің және Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының жеңімпаздарының қатарына енді.

ҚазҰУ өкілінің бұл жетістігі еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталығы саналатын университетте жас зерттеушілерді даярлау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми мәдениетті дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибеге бағытталған білім беруді жетілдіруге ерекше көңіл бөліп, жаңа буын мамандарын даярлауға қолайлы жағдай жасап келеді.

Экономика және бизнес жоғары мектебі экономика, қаржы, менеджмент, бизнес және мемлекеттік басқару салаларында мамандар даярлайтын Қазақстандағы жетекші білім беру және зерттеу орталықтарының бірі болып табылады. Мұнда аналитикалық құзыреттерді дамытуға, деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады.

2026 жылғы 16 мамыр мен 20 маусым аралығында өткен «Талдау мектебі. Алматы» жобасы жас мамандар мен зерттеушілерді Алматы қаласының өзекті мәселелеріне арналған аналитикалық шешімдер әзірлеуге біріктірді.

Жобаның финалдық кезеңіне мемлекеттік сектор, ғылыми қауымдастық және бизнес өкілдерінен құралған 13 команда қатысты. Әр команда қала дамуының өзекті мәселелерінің бірін зерттеп, сарапшылар алқасына практикалық ұсыныстардан тұратын аналитикалық баяндама ұсынды.

Айдана Ғалымжанова қатысқан команда «LEZ go SMART, Almaty» жобасын әзірледі. Жоба төмен эмиссиялы аймақты (Low Emission Zone – LEZ) енгізу жағдайында көлік ағындарын интеллектуалды басқару мәселесіне арналды. Аналитикалық баяндамада көлік жүктемесі мен ауа сапасына жүргізілген зерттеу нәтижелері ұсынылып, көлік құралдарының қозғалысын цифрлық мониторингтеу, кіруді басқару тетіктері және қаланың көлік жүйесінің экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар әзірленді.

Жобаны көпшілік алдында қорғау қорытындысы бойынша команда жұмысы сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының арнайы «Сарапшылар пікірі бойынша үздік аналитикалық баяндама» номинациясына ие болды.

Айдана Ғалымжанованың жетістігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің жоғары ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді. Университет заманауи деректерді талдау әдістерін меңгерген және экономика, қалалық орта мен мемлекеттік басқарудың тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер ұсына алатын бәсекеге қабілетті зерттеушілер мен сарапшыларды даярлауды жалғастыруда.