Радикалдануға мен экстремизмге қарсы күрес: халықаралық тәжірибе және ғылыми диалог — ҚазҰУ

91ý

Радикалдануға мен экстремизмге қарсы күрес: халықаралық тәжірибе және ғылыми диалог

5 сәуір 2026
Радикалдануға мен экстремизмге қарсы күрес: халықаралық тәжірибе және ғылыми диалог

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасында қазіргі заманның өзекті мәселелеріне арналған ғылыми-білім беру дәрісі ұйымдастырылды. Аталған дәріс радикалдану, экстремизм және терроризм құбылыстарын ғылыми тұрғыда талдауға, сондай-ақ конфессияаралық диалогты дамыту жолдарын қарастыруға бағытталды. Қазіргі жаһандану жағдайында бұл мәселелердің өзектілігі артып отырғандықтан, оларды кешенді әрі пәнаралық тұрғыда зерттеу қажеттілігі айқын көрініс табуда.

Іс-шараның ұйымдастырушысы кафедра профессоры Бишманов Какимжан Муратжанович болып табылады. Оның бастамасымен ұйымдастырылған бұл дәріс академиялық қауымдастық өкілдері үшін тәжірибе алмасуға, ғылыми пікірталас жүргізуге және жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына оң ықпал етеді.

Дәрістің мазмұнын байыта түскен маңызды факторлардың бірі – Өзбекстан Республикасынан келген беделді шетелдік ғалымдардың қатысуы болды. Атап айтқанда, Бұхара мемлекеттік медицина институты профессоры, философия ғылымдарының докторы Шадманов Курбан Бадриддинович; Бұхара мемлекеттік университеті деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Намозов Бобур Бахриевич; сондай-ақ Бұхара инженерлік-техникалық институты кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Зоиров Еркін Халилович өз баяндамаларын ұсынды. Олардың ғылыми көзқарастары мен тәжірибелері дәрістің мазмұнын тереңдетіп, халықаралық деңгейдегі ғылыми диалогтың қалыптасуына ықпал етті.

Дәріс барысында радикалдануға қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Әсіресе, жастар арасында деструктивті идеологиялардың таралу себептері, олардың алдын алу жолдары және қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық факторлардың әсері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының дерадикализация саласындағы тәжірибелері салыстырмалы түрде сараланып, тиімді әдістер мен практикалық тетіктерге ерекше назар аударылды. Дерадикализация үдерісінің маңыздылығы дәрісте ерекше атап өтілді. Бұл бағыт тек қана қауіптің салдарымен күресуді емес, оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүйесін қамтиды. Дерадикализация қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, әлеуметтік үйлесімділікті нығайтудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде қарастырылды. Сонымен қатар ол радикалды идеологиялардың ықпалына түскен тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеуге, олардың дүниетанымын өзгертуге және конструктивті әлеуметтік ортаға интеграциялауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда білім беру, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар және психологиялық қолдау негізгі рөл атқаратыны атап өтілді.

Баяндамашылар пәнаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік құрылымдар, ғылыми мекемелер және діни ұйымдар арасындағы өзара байланыс радикалданудың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар конфессияаралық диалог мәдениетін қалыптастыру, өзара құрмет пен толеранттылықты нығайту мәселелері де дәрістің негізгі бағыттарының бірі болды.

Іс-шараға университеттің докторанттары мен магистранттары белсенді қатысып, ғылыми пікірталасқа араласты. Бұл олардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға және заманауи ғылыми мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік берді. Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ашық пікір алмасу форматында мазмұнды талқылау жүргізілді. Докторанттар мен магистранттар өз ғылыми зерттеулерімен байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне негізделген құнды ұсыныстар алды. Бұл өз кезегінде жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етті.

Жалпы алғанда, аталған дәріс халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың, тәжірибе алмасудың және өзекті әлеуметтік мәселелерді бірлесіп талқылаудың тиімді үлгісі ретінде бағаланды. Сонымен қатар бұл іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Орталық Азия аймағындағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі беделін тағы да айқындай түсті.