- Басты бет
- Жаңалықтар
- Дін мен дәстүр сабақтастығы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасындағы диалог тәжірибесі
Дін мен дәстүр сабақтастығы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасындағы диалог тәжірибесі
2026 жылғы 19 ақпанда ғылыми-зерттеу бағдарламасын жүзеге асыру және елдегі діни ахуалды жүйелі сараптамалық мониторингтеу аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанттары Арман Жумагазиев және Әлімжан Абдуллин вайшнавтар қауымының жергілікті діни бірлестігіне — «Алматы қаласының Кришна санасы қоғамына» барды. Бұл сапар таныстыру сипатымен қатар талдамалық маңызға да ие болып, қазіргі Қазақстанның көпконфессиялы кеңістігін жан-жақты зерттеудің маңызды кезеңіне айналды. Аталған кеңістік діни әртүрліліктің жоғары деңгейімен және конфессияаралық диалогтың дамығанымен ерекшеленеді.
Бірлестік жетекшісі В. И. Голоуспен (Лалита Говинда дас) кездесу сенімді, ашық әрі бейресми жағдайда өтті, бұл өз кезегінде пікір алмасудың нәтижелі болуына ықпал етті. Еркін форматтағы талқылау қатысушыларға ресми сұхбат шеңберінен шығып, қозғалыстың қалыптасу тарихына, сондай-ақ вайшнав дәстүрінің этикалық негіздері мен философиялық қағидаттарына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында Қазақстан аумағындағы діни жиналыстардың (ятралардың) қалыптасуы, олардың эволюциясы мен институционалдық дамуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қоғамдық және академиялық дискурста қолданылатын терминологияның дәлдігі мәселесі көтерілді. Қатысушылар кең таралған «кришнаиттер» атауы діни дәстүрдің тереңдігі мен күрделілігін толық ашпайтынын атап өтті. ылыми тұрғыдан алғанда «вайшнавтар» термині анағұрлым дәл, өйткені ол ізбасарлардың ежелгі ведалық діни жүйемен байланысын көрсетіп, олардың рухани болмысын нақтырақ сипаттайды.
Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты — діңи практиканы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени жағдайына бейімделуі болды. Қауым мүшелері синкретизм тәжірибесімен бөлісіп, күнделікті өмірде қатаң вегетариандық қағидаларды қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына деген құрметпен қалай үйлестіретіндерін көрсетті. Бұл мысал діни бірегейлік адамның мәдени ортадан оқшаулануына әкелмейтінін, керісінше, мәдениетаралық өзара әрекеттесу мен өзара байытудың маңызды құралы бола алатынын дәлелдейді.
Кездесу нәтижелері кейін ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде өткен ашық академиялық іс-шарада ұсынылды. Докторанттардың педагогикалық тәжірибесі аясында ұйымдастырылған бұл шара болашақ жоғары оқу орны оқытушылары мен дінтану саласының мамандарының кәсіби құзыреттерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, олардың аналитикалық және коммуникативтік дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Осындай іс-шараларды өткізу Тұрақты даму мақсаттарының №4 — «Сапалы білім» бағытын жүзеге асыруға тікелей ықпал етеді. Бұл тұрғыда басты міндеттердің бірі — білім алушыларды тек теориялық біліммен ғана емес, сонымен қатар далалық зерттеу, сыни талдау және пәнаралық тәсілдер бойынша практикалық дағдылармен қамтамасыз ету.
Білім беру үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы университеттің білікті профессорлық-оқытушылық құрамының қолдауының арқасында мүмкін болды. Ұйымдастырушылар өз тәлімгерлеріне шынайы алғыстарын білдіреді: заң ғылымдарының кандидаты, профессор К. М. Бишмановқа және философия ғылымдарының докторы, профессор К. К. Бегалиноваға — сараптамалық жетекшілігі мен оқу сабағын құрылымдаудағы көмегі үшін; сондай-ақ профессор К. М. Борбасоваға — педагогикалық жобалау мәселелері бойынша құнды әдістемелік қолдауы мен тәлімгерлігі үшін.
Осылайша, бүгінгі таңда ҚазҰУ-дағы педагогикалық тәжірибе оқу жоспарының формалды талабы ғана емес, ғылыми идеяларды сынақтан өткізуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және академиялық еркіндік қағидаттарын нығайтуға арналған толыққанды ғылыми-білім беру алаңына айналып отыр.
Ұйымдастырушылар:
Абдуллин Ә., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты
Жумагазиев А., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты
Басқа жаңалықтар