25 жылдық басшылықтың қорытындылары: Ахметқал Рахметоллаұлы Медеудің География және су қауіпсіздігі институтының дамуына қосқан үлесі — ҚазҰУ

91ý

25 жылдық басшылықтың қорытындылары: Ахметқал Рахметоллаұлы Медеудің География және су қауіпсіздігі институтының дамуына қосқан үлесі

17 шілде 2026
25 жылдық басшылықтың қорытындылары: Ахметқал Рахметоллаұлы Медеудің География және су қауіпсіздігі институтының дамуына қосқан үлесі

География және Су қауіпсіздігі Институтын 25 жыл бойы басқарған Ахметқал Рахметоллаұлы Медеу Басқарма төрағасы қызметін аяқтады. Әріптестеріне арнаған үндеуінде ғалым ұжымға ұзақ жылдар бойғы бірлескен еңбегі, жоғары кәсібилігі және отандық география ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.

Ширек ғасыр ішінде Институт ауқымды даму жолынан өтіп, аз танымал ғылыми ұйымнан еліміздегі беделді ғылыми-зерттеу мекемесіне айналды. ылыми зертханалар саны төрттен он бірге дейін ұлғайып, жаңа ғылыми бөлімшелер құрылды және материалдық-техникалық база едәуір нығайтылды.

Институт жанынан екі ірі халықаралық орталық құрылды: БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қолдауымен Халықаралық су ресурстарын бағалау орталығы және ЮНЕСКО қамқорлығымен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы. Сонымен қатар Институттың Астана қаласындағы филиалы ашылды.

2019 жылы Ахметқал Рахметоллаұлының бастамасымен толық жаңғыртылған География институтының негізінде жаңа ғылыми-зерттеу мекемесі – География және су қауіпсіздігі институты құрылды.

Институттың табысты дамуының негізгі факторларының бірі мемлекет пен қоғам сұранысына жауап беретін ғылыми бағыттарды қамтитын тұжырымдамалық негіздің қалыптастырылуы болды. Білікті ғылыми кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдар ішінде Институт нағыз ғылыми кадрлар ұстаханасына айналып, мұнда ғылым кандидаттары мен докторлары, ал кейінгі жылдары географиялық зерттеулердің түрлі бағыттары бойынша PhD докторлары даярланды.

Институттың ғылыми қызметі су ресурстары, қауіпті табиғи үдерістер, шөлейттену, климаттық тәуекелдер, табиғи-ресурстық әлеуетті бағалау және атластық картографиялау салаларындағы ірі ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бағытталды.

Арал теңізін, Балқаш көлін және Қазақстанның таулы аумақтарын зерттеу жұмыстары ерекше маңызға ие болды. ЮНЕСКО және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нығайтылды.

Сонымен қатар Институтты техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ғылыми бөлімшелер заманауи өлшеу құралдарымен, компьютерлік жабдықтармен және арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Экспедициялық және далалық зерттеулерді ұйымдастыруға арналған автокөлік паркі 12 көлік құралынан тұрады.

Қазіргі таңда География және су қауіпсіздігі институты қалыптасқан академиялық дәстүрлер мен көпжылдық ғылыми тәжірибеге сүйене отырып, су қауіпсіздігі, табиғи апаттар, климаттық тәуекелдер, шөлейттену, физикалық және экономикалық география, геоморфология, цифрлық картография және геоақпараттық технологиялар салаларындағы зерттеулерді жалғастыруда. Заманауи цифрлық әдістер мен жасанды интеллект құралдарын енгізуге ерекше назар аударылуда.

Институттың жетістіктері мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Институтқа жеке заманауи ғимарат берілді.

Институт қызметкерлері екі рет Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Көптеген ғалымдар мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен және халықаралық сыйлықтармен марапатталды. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында шамамен 100 қызметкер тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Ұжымның ғылыми еңбектері – атластар, монографиялар және Қазақстанда әрі шетелде жарық көрген ғылыми мақалалар – ғылыми қауымдастықтың жоғары бағасына ие болып, география ғылымының өзекті мәселелерін зерттеуде кеңінен қолданылып келеді.

Ахметқал Рахметоллаұлы өз үндеуінде Институттың барлық жетістіктері ұжымның ұйымшыл әрі жасампаз еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. География ғылымының ардагерлеріне, ғылыми зертханалардың басшыларына, жас зерттеушілерге, қаржы және әкімшілік-шаруашылық бөлімдерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы кәсіби әрі адами қолдау көрсеткен әріптестеріне ерекше алғыс білдірді.

«География және су қауіпсіздігі институтының Басқарма төрағасы қызметінен кетер сәтте барлық қызметкерлерге бірлескен еңбегіміз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Институтымыздың жетістігі – бүкіл ұжымның кәсібилігі, бірлігі, жауапкершілігі және география ғылымына деген адалдығының нәтижесі».

География және табиғатты пайдалану факультетінің ұжымы Ахметқал Рахметоллаұлы Медеуге көпжылдық адал еңбегі, география ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі, ғылыми кадрлар даярлаудағы және отандық ғылыми мектептің беделін нығайтудағы зор еңбегі үшін шынайы алғысын білдіреді.

Ахметқал Рахметоллаұлына зор денсаулық, отбасылық амандық, сарқылмас күш-қуат және ғылыми әрі қоғамдық қызметінде толағай табыстар тілейміз!