ҚазҰУ «Цифрлық және зияткерлік шеберхананың» ІІ кезеңін іске асырады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ «Цифрлық және зияткерлік шеберхананың» ІІ кезеңін іске асырады

16 шілде 2026
ҚазҰУ «Цифрлық және зияткерлік шеберхананың» ІІ кезеңін іске асырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Jiangsu Huibo Robotics Technology» компаниясымен келісім жасады. 

Қазақстан-Қытай жоғары технологиялық компанияларының отырысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен қытайлық компания басшылығы ресми құжатқа қол қойды. 

Меморандум бұрын құрылып, жұмыс істеп тұрған «Цифрлық және зияткерлік шеберхананың» бірінші кезеңінің нәтижесіне сүйене отырып, аталған шеберхананың екінші кезеңін бірлесіп дамытуға бағытталған.

Аталған жоба аясында жоғары технологиялық робототехника, икемді зияткерлік өндіріс және өнеркәсіптегі цифрлық егіздер технологиялары сияқты перспективалы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Ынтымақтастықтың негізгі міндеттерінің бірі заманауи өндіріс салаларына қажетті білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби құзыреттерін арттыру және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту.

Тараптар қазақстандық түлектерді халықаралық еңбек нарығына бейімдеу және жұмысқа орналастыруға бағытталған арнайы платформа қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Цифрлық және зияткерлік шеберхана шеңберінде Қазақтан-Қытай ғылыми-зерттеу зертханасы құрылады. Аталған зертхана жергілікті өнеркәсіп қажеттіліктерін ескере отырып, зияткерлік өндірістің инновациялық технологияларын зерттеу, бейімдеу және әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыратын болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі