ТДМ 4. Таза орта – жайлы өмірFarabi University

91ý

ТДМ 4. Таза орта – жайлы өмір

7 сәуір 2026
ТДМ 4. Таза орта – жайлы өмір

Студенттер тұратын жатақхана – көптеген жастың бір ортада өмір сүріп, білім алып, тұлға ретінде қалыптасатын ерекше кеңістік. Осындай ортада тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның басты міндеті.
Осы орайда, "Таза Қазақстан" жобасы аясында 
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының жатақханада тұратын тыңдаушылары арасында  "Таза орта - жайлы бөлме" атты іс-шара өтті. Аталған іс-шара "Өз бөлмең - өз әлемің" тақырыбы аясында ең таза, ең әдемі бөлмелер арасында байқау ретінде ұйымдастырылды.
Таза бөлме – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Бөлменің жинақы, жарық, таза болуы студенттің оқуына да, демалуына да оң әсер етеді. Мұндай ортада адам өзін еркін сезінеді, ойы жинақталып, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік туады. 
Осы мақсатта ұйымдастырылған байқау барысында қатысушылар бөлменің тазалығына ғана емес, оның безендірілуіне, заттардың үйлесімді орналасуына, шығармашылық элементтерге де мән берген. Кейбір бөлмелерде ұлттық нақыштағы бұйымдар, кітап бұрыштары немесе шағын жасыл өсімдіктер арқылы ерекше атмосфера қалыптасқаны байқалады. 
Бір бөлмеде тұратын жастар бірлесіп еңбек етіп, ортақ нәтижеге жетуге ұмтылғаны қуантты. 
Қорытындылай келе, сайыс нәтижесі бойынша:
 I - орын 304-А бөлмесі
II - орын 323-2А бөлмесі
III - орын 323-Б мен 328 - 2Б бөлмелері ең таза, ең әдемі бөлмелер деп танылды.
Жатақханада ұйымдастырылған таза бөлме байқауы – тек жарыс қана емес, тыңдаушыларды тәртіпке, ұқыптылыққа және ортақ жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды шара. 
Қорытындылай келе, тазалық – денсаулықтың кепілі ғана емес, ол – табысты өмірдің негізі. Әр студент өз бөлмесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, оны жайлы әрі қолайлы ортаға айналдырса, жатақхана да шын мәнінде білім мен тәрбие ордасына айналады. Сондықтан да «Таза орта – жайлы өмір» ұраны әрбір жастың өмірлік қағидасына айналуы тиіс.