Қазақстандық талапкерлер Әзірбайжан грантын иеленді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық орталығында «Study in Azerbaijan» атты халықаралық білім көрмесі өтіп жатыр. Шараға Әзірбайжанның 25-ке жуық жетекші университеті қатысып, өздерінің білім беру бағдарламалары мен ғылыми жетістіктерін таныстыруда.
Айтулы шараны Әзірбайжан Республикасының ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев пен Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов арнайы аралап көрді. Көрме жұмысымен танысқан ресми өкілдер қатысушы жоғары оқу орындарының әлеуетіне жоғары баға берді. Кездесу аясында екі ел арасындағы академиялық ұтқырлықты кеңейту, қосдипломды білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми әріптестікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.

Көрме барысында талапкерлер мен студенттерге Әзірбайжан университеттерінде білім алу мүмкіндіктері, гранттық бағдарламалар мен қабылдау талаптары туралы жан-жақты ақпарат берілуде. Шараға Алматы мектептерінің оқушылары белсенді қатысып, шетелдік ЖОО өкілдерімен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды.

Шараның ең тартысты сәті қатысушылар арасында өткен арнайы ұтыс ойыны болды. Ұтыс нәтижесінде екі қазақстандық талапкер Сумгаит мемлекеттік университетінің білім грантын жеңіп алды. Сонымен қатар бірқатар қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталып, Әзірбайжанның жоғары оқу орындарында алты айлық тегін тағылымдамадан өту жолдамалары берілді.

Айта кетейік, халықаралық көрме ертең де өз жұмысын жалғастырады. Келушілер шетелдік білім ордаларымен танысып, болашақ мамандығы бойынша таңдау жасауға мүмкіндік алады.












Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі