«Solar Energy Day» – баламалы энергияға қадам — ҚазҰУ

91ý

«Solar Energy Day» – баламалы энергияға қадам

4 сәуір 2026
«Solar Energy Day» – баламалы энергияға қадам

2026 жылғы 4 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Solar Energy Day» атты танымдық әрі практикалық іс-шара өтті. Іс-шара студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – күн энергиясының мүмкіндіктерін таныстыру, күн панельдерінің жұмыс істеу принциптерін көрсету және баламалы энергия көздерінің маңыздылығын түсіндіру болды. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздері экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыты болып табылады, сондықтан бұл тақырып студенттер үшін ерекше өзекті.

Ашық семинарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к., эколог Тусупова Баян Халеловна өткізді. Ол өз баяндамасында күн энергетикасының артықшылықтары, оның қоршаған ортаға тигізетін оң әсері және Қазақстандағы даму перспективалары туралы кеңінен тоқталды.


Семинар барысында факультет аумағында орнатылған күн панельдерінің жұмыс істеу ерекшеліктері практикалық түрде көрсетілді. Қатысушылар күн сәулесінің электр энергиясына қалай айналатынын, панельдердің тиімділігін арттыру жолдарын және оларды қолданудың экологиялық және экономикалық артықшылықтарын нақты мысалдар арқылы көре алды.

Сонымен қатар, студенттер баламалы энергия көздерін дамыту арқылы атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайтуға болатынын және бұл бағыттың «жасыл экономикаға» көшу процесінде маңызды рөл атқаратынын түсінді. Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

«Solar Energy Day» іс-шарасы болашақ эколог мамандардың кәсіби көзқарасын кеңейтіп, олардың жаңартылатын энергия көздеріне деген қызығушылығын арттырды. Мұндай іс-шаралар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп, тұрақты даму қағидаттарын насихаттауда маңызды орын алады.