ҚазҰУ ғалымдары органикалық химия бойынша онлайн курс әзірледі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Open KazNU» платформасында «Лабораторлық тәжірибелік жұмыс органикалық химия бойынша» атты жаңа онлайн-курс жариялады. Бұл химиялық тәжірибені жоспарлау мен ұйымдастыруға, сондай-ақ оның оңтайлы өткізілу шарттарын болжауға бағытталған.
Бағдарлама химия мамандықтары бойынша студенттерге ғана емес, лабораториялық практикалық дағдыларын жетілдіргісі келетін мамандарға да арналады.
Курстың басты ерекшелігі – интерактивті элементтер мен виртуалды әдістерді қолдануында. Бұл аудиторияларда мүмкін болмайтын зертханалық эксперименттерді орындауға мүмкіндік береді.
Курс «теориядан – практикаға» принципі бойынша жүргізіледі, яғни «Органикалық химия алифатикалық қосылыстар» курсында алынған білімді бекітуге және органикалық қосылыстарды синтездеу мен талдауды үйретуге көмектеседі.

Мақсаты – білімге қолжетімділікті кеңейту, студенттердің зертханалық тәжірибелік дайындығына басымдық беретін инновациялық оқыту әдістерін енгізу және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұлттық және халықаралық деңгейде беделін арттыру.
Аталған курсты химия және химиялық технология факультетіндегі Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының оқытушылары әзірледі. Атап айтқанда химия ғылымының докторы, профессор Сергей Калугин, химия ғылымының кандидаты, доцент Алуа Мамутова, PhD, аға оқытушы Алтынай Қалдыбаева, аға оқытушы Жәнібек Асылханов.
Курс химиялық білім беруге елеулі үлес қосқан ұстаздар, яғни Клавдия Крупенникова, Наталья Бушнева, Сақыпжамал Әлімжанова және Шолпан Ахмедова естелігіне арналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар