Шығыстану факультетінде «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады — ҚазҰУ

91ý

Шығыстану факультетінде «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады

8 сәуір 2026
Шығыстану факультетінде «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады

8 сәуір күні Шығыстану факультетінде дәстүрлі «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын салтанатты түрде бастады. Биылғы конференцияның тақырыбы: «Шығыс өркениетінің тарихи мұрасы және Қазақстанмен рухани сабақтастығы».

Жиынның ашылу салтанатында факультет деканы, т.ғ.к., профессор М. Эгамбердиев құттықтау сөз сөйледі. Декан өз сөзінде жас зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттырудың маңыздылығын және Шығыстану саласындағы жаңа бағыттарды игерудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, факультеттің ардагер ұстазы Ф. Жұмажановна мен Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы А. Нұрқалық қатысушыларға сәттілік тілеп, жас ғалымдардың алғашқы ғылыми қадамдарына оң баталарын берді.

Конференция жұмысы келесі 4 негізгі секция бойынша жалғасуда:

  1. Қазақстанның Шығыс саясатындағы стратегиялық орны: Жаңа белестер және жасанды интеллект дәуіріндегі стратегиялар (саясаттану, халықаралық қатынастар, цифрлық дипломатия).

  2. Шығыс тілдері мен әдебиеті: Рухани код, мәдени трансформация және аударма зерттеулері (лингвистика, әдебиеттану, мәтінтану).

  3. Шығыс қоғамдарының заманауи даму үрдістері: Экономика, әлеуметтік құрылым және өркениеттік диалог (әлеуметтану, экономика, аймақтану).

  4. Шығыс өркениетінің тарихи-рухани мұрасы: Тарих, дін және мәдени сабақтастық (тарих, дінтану, мәдениеттану).

Конференция аясында студенттер мен жас ізденушілер өздерінің ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасады. Жиын соңында үздік деп танылған баяндама иелері арнайы дипломдармен марапатталады.