«Тұрақты қалалар мен елді мекендер: Туризмге байланысты мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстел — ҚазҰУ

91ý

«Тұрақты қалалар мен елді мекендер: Туризмге байланысты мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстел

8 сәуір 2026
«Тұрақты қалалар мен елді мекендер: Туризмге байланысты мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстел

2026 жылғы 8 сәуір күні сағат 17:00-де филология факультетінің шетел тілдері кафедрасының оқытушылары, орыс және қазақ бөлімдерінің 1 курс студенттері, география және табиғатты пайдалану факультетінің түрікмен бөлімінің студенттері, KazGASA 2 курс студенттері, сондай-ақ Бонн университетінің (Бонн қ., Германия) магистранттарымен бірге Zoom платформасында онлайн форматта «Тұрақты қалалар мен елді мекендер: Туризмге байланысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Тұрақты даму мақсаты 11 аясында: «Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, төзімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету» ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – қазіргі қалалардағы туризмнің дамуына байланысты өзекті мәселелерді талқылау және жергілікті қауымдастықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тұрақты шешімдерді іздеу болды.

Іс-шара модераторы – шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Ф.М. Мұқажанова дөңгелек үстелдің негізгі міндеттері туралы қысқаша ақпарат берді. Талқылау барысында қалаларға түсетін шамадан тыс туристік жүктеме, қалдықтардың көбеюі мен қоршаған ортаның ластануы, инфрақұрылым мен көлік жүйесіне түсетін қысым, туризмнің жергілікті тұрғындарға әсері сияқты маңызды мәселелер қарастырылды.

Студенттер ағылшын тілінде баяндама жасап, жоғары дайындық деңгейін, сыни ойлау қабілетін және халықаралық терминологияны меңгергенін көрсетті. Баяндамалармен 1 курс студенттері Аманбай Асыл (гидрология), Алуа Джамалова (туризм), Бонн университетінің 1 курс магистранты Тулеева Ажар (ағылшын әдебиеті және мәдениеті), Айтбай Елнұр (бухгалтерлік есеп және аудит) сөз сөйледі. Сонымен қатар 1 курс студенті Лавренов Родион (туризм) және KazGASA 2 курс студенті Дженгишева Нұрия (архитектура) белсенді қатысқанын атап өткен жөн.

Қатысушылар бірқатар практикалық шешімдер ұсынды: тұрақты туризмді дамыту, туристік ағындарды басқаруда цифрлық технологияларды енгізу, туристердің экологиялық санасын арттыру, жергілікті қауымдастықтар мен шағын бизнесті қолдау. Дөңгелек үстел тәжірибе алмасу мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған тиімді алаңға айналды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар студенттердің жаһандық ойлау қабілетін қалыптастырып, қалалардың тұрақты дамуына жауапкершілігін арттыратынын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің белсенді қатысушы студенттері сертификаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларды құттықтаймыз, белсенді болуға тілектеспіз және келесі іс-шараларға қатысуға шақырамыз!

Ұйымдастырушылар: аға оқытушылар С.Ж. Абдиназарова, Ф.М. Мұқажанова, Б.Н. Қарабаева, Р.Н. Балғабекова, В.А. Цыганова

Бейнематериалдарға сілтеме: