Абылай заманының жауынгер жыршылары — ҚазҰУ

91ý

Абылай заманының жауынгер жыршылары

30 наурыз 2026
Абылай заманының жауынгер жыршылары

2026 жылғы 30 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет кафедрасының филология ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Е.К. Карбозов пен филология ғылымдарының докторы, ассистент-профессор Г.Ж. Болатова жетекшілігімен ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» бағыты негізінде «Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Арайлым Батуханқызы «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс студенттеріне «XIV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» пәнінен «Абылай заманының жауынгер жыршылары» тақырыбында ашық дәріс өткізді.

 

Ашық дәрістің мақсаты – Абылай хан дәуіріндегі тарихи-әлеуметтік жағдайды түсіндіре отырып, Тәтіқара мен Үмбетей жыраулар шығармашылығы арқылы жауынгерлік рух, елдік идея, ұлттық бірлік пен ерлік ұғымдарының көркем бейнеленуін талдау; жыраулар поэзиясының тәрбиелік, тарихи және рухани маңызын ашу; студенттердің әдеби-теориялық талдау дағдыларын дамыту.

XVIII ғасыр қазақ тарихындағы ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің бірі болды. Жоңғар шапқыншылығы мен көршілес ірі империялардың отарлау саясаты қазақ халқының этникалық тұтастығы мен мемлекеттік дербестігіне зор қауіп төндірді. Осындай қиын кезеңде Абылай ханның жанында жүріп, сындарлы сәттерде кеңес берген, өз шығармаларында дәуір шындығын терең бейнелеген жауынгер жыршылар – Үмбетей жырау мен Тәтіқара ақын.

Үмбетей жырау мен Тәтіқара ақын ел тағдыры шешілер ауыр кезеңдерде ханға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, кей тұстарда ханның, батырлардың және өзге де жыраулардың әрекеттеріне сын көзбен қараған. Олар азаттықтың, тәуелсіздіктің және елдіктің жыршылары болды.

Жыраулар шығармашылығының негізгі өзегі – ел бірлігі мен ерлік рухы.

Ашық дәрісте Абылай хан дәуіріндегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық-саяси жағдайы, сондай-ақ Үмбетей жырау мен Тәтіқара ақынның өмірі мен шығармашылығы жан-жақты талданды.

Дәріс соңында студенттер жаңа мәліметтер бойынша өз пікірлерін білдіріп, Google Forms платформасы арқылы кері байланыс берді.