Көкпар – көне түркі халықтарының тарихи мұрасы — ҚазҰУ

91ý

Көкпар – көне түркі халықтарының тарихи мұрасы

5 сәуір 2026
Көкпар – көне түркі халықтарының тарихи мұрасы

Көкпар – тек қазақ халқының ойыны ғана емес, көне түркі халық­та­рының тарихынан бастау алатын қазіргі мемлекеттер мен ұлт­тардың ортақ мә­де­ни-тарихи мұрасы. Ойын­ның атауы әр елде түрлі болып келеді: «көк­пар», «көк бөрү», «улак-тар­тыш», «улак-куп­ка­ри», «бузкаши». Қазіргі таңда көкпар ойыны Қазақ­стан, Қыр­ғыз­стан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия және Мажарстан аумақ­тарында таралған.

Тарихи тұрғыдан көкпардың қалыптасуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады: Түркі қа­ғанаты дәуірі, ортағасырлық көш­пелі қоғам кезеңі және XIX ға­сырдағы этнографиялық жаз­­балар кезеңі.
«Көк» сөзінің мағынасы ас­пан, тәңір, көктем, киелілік ұғым­дарымен қатар жүреді (Ж.Пансат, 2023). «Күлтегін» және «Білге қаған» бітіктас жа­зуында түріктер өздерін «Көк түріктер» деп атаған. Мұндағы «көк» түстік мағынаны емес, космостық – аспан мағынасын білдіреді. Сондықтан «көк тү­рік­тер» деп емес, «аспан тү­рік­тері» деп ұққанымыз жөн (М.Сұл­танов, 2022). Бұл ком­по­нентке қатысты ғылыми пі­кір­талас аз, «-пар» жалғасы ту­ралы бірнеше көзқарас бар. Кей­бір зерттеушілер оны көне түркі «бөрі» сөзінің фонети­ка­лық өзгерген нұсқасы деп қа­растырады. Ал басқа пікір бойынша «-пар» сөзі «парша­лау» ұғымымен байланыс­ты­ры­лады, яғни олжа үшін тартыс мағынасын білдіреді. Бұл се­ман­тика ойын мазмұнымен сәй­кес келеді. Қазақтың ба­тырлық эпосында олжа үшін таласу мотивтері кездеседі. Мысалы, «Ер Тарғын» эпос жы­рында «Оза шауып олжа алған, таласты жерде жүлде алған» сияқты жолдар ат үстіндегі бә­секе мен олжаға талас мә­де­ниетін көрсетеді. Алайда бұл мәтіндер көкпар ойынының тікелей сипаттамасы емес, тек көшпелі әскери-ойындық дәс­түр­дің көркем бейнесі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар түркі халық­та­рының мифологиялық жүйе­сінде «тұлпар» ұғымы ерекше орын алады. Фонетикалық тұр­ғыдан «көкпар» және «тұл­пар» сөздерінде ортақ «-пар» компонентінің болуы олардың тарихи байланысына қатысты жорамал жасауға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі тіл білі­мін­де бұл екі сөздің тікелей эти­мологиялық туыстығы дә­лел­денбеген.
В.В.Радлов өз еңбектерінде қасқырлардың арланы сана­ла­тын көк бөрілер туралы жазған бо­латын. Сол сияқты жайы­лым­да қой-ешкінің басында жү­ретін серке мен қошқарлар да болады. Кей сәттерде олар­ды көк-серке деп те атайтын (М.Туркмен, 2023). Бұл түс қа­зақтарда әрдайым пір тұ­тыл­ған. Мал басында көк қасқа жылқының кездесуіне ерекше көзқараспен қараған.
Ал қырғыз этнографиялық материалдарында «көк бөрү» атауы «көк қасқыр» ұғымымен сипатталады. Кейбір түсін­ді­ру­лер бойынша, ертеде қасқыр аулаудың ерекше түрі болған. Аттылар қасқырды қуып жетіп, аулағаннан кейін оны ер-то­қым­­ға салып, өзара тартысқа тү­сетін болған. Бұл нұсқа ойын­ның шығуын аңшылық тәжірибеге сәйкестендіреді (Организационный комитет III Всемирных игр кочевников, 2018).
Сонымен қатар бұл түсін­ді­руге қатысты күмәнді пікірлер де бар. Кейбір зерттеушілер жыл­қының қасқырдан табиғи түрде үркетінін ескере отырып, мұндай тәжірибенің кең та­рал­ған дәстүр болғанына күмән келтіреді. Сондықтан «көк бө­рү» атауының қасқырмен тіке­лей байланысы тарихи факті ретінде емес, этнографиялық түсіндіру нұсқаларының бірі ретінде қарастырылады. 
Тағы бір зерттеулерде көне замандарда ерекше, элиттік аттылардан құралған арнайы отрядтардың болғаны айты­ла­ды. Мысалы, «бұрынғы ата-бабаларымыз майдан шебінде қалған жаралыны немесе туы­сын шапқан атын тоқтатпастан жерден іліп әкету үшін осы әдіс-тәсілді қолданса керек». Бұл тәжірибе көне түркі әскери дәс­түрінде де кездеседі «жауын­гердің денесін әкеткен адам оның мүлігіне иелік ететін» (М.Туркмен, 2023).
Қырғыз эпосында Манас сю­жетіне сәйкес, Манас хан­ның әйелі Каныкей-Хатун бір түні керемет түс көреді. Таң­ер­тең ол түсін елге айтып береді және олар Каныкей-Хатунға бы­лай дейді: «Kök cal töböt börü», яғни бұл бала «көкманед – сұм­дық қасқырға» ұқсас бо­ла­ды деген ой білдіреді (М.Турк­мен, 2023). Қасқырға аңға шығудан гөрі, бөріге салыс­ты­ру тео­рия­сы логикаға сай ке­леді.
Эпостарда көкпарды тек ойын ретінде емес, сонымен бір­ге әскери символика ре­тін­де қарастырған. Халықты жау­лап алу, шайқас пен жеңіс ме­тафорасы ретінде көрсетілген. Яғни ойындағы жеңіс – тікелей соғыс жеңісінің бейнесі болып есептелген.
Ойында қолданылатын жа­н­уар­ға қарай лақ тартыс, бұзау тартыс атаулары да кездеседі. 
Көкпар ойыны жалпы ерек­ше жағдайларда өткізілген. Мы­салы, ҚР Ұлттық спорт қауым­дастығы жинағында (2018) көкпардың этно­гра­фиясы мен тарихына қатысты мынаны айтқан: «Көкпардың байырғы дәстүрлі ойын нұс­қа­сында көкпарды ойыншы өз аулына немесе өз ошағына әкеліп тастайтын болған». Яғни бұл жерде сойылған ұсақ мал­дың отбасына олжа ретінде құны болған. Кей кездері ойын аяқталған соң, қолданылған серкенің еті беделді адам­дар­дың, кейде мұқтаждардың үй­леріне апарылған (2018). Бұ­дан қазақтың кез келген дәс­түр ойындарының астарында те­рең мағынаның жатқанын бай­қау­ға болады. Кейін бұл үйде сол көкпаршыларға ар­найы ас берілетін. Қазіргі уа­қыт­та да көптеген қазақ ауыл­да­рында бұл тәртіп сақталып келеді.
О.Қаратаев (2022) болса өз жұмысында ешкі сойылуын салт­тық әрекет ретінде қарас­ты­рып, адамдардың әлемдегі хаос пен қараңғылықтан құ­ты­луына бағытталған деп си­паттайды. Бұл түсінік діни ұс­та­нымдарға жақын болып ке­леді. Ислам дінінде қан ағы­зу кезінде теріс энергия не­месе негативті факторлардың кететініне сенім бар.
Ойында қақпа болып есеп­телетін салым бойынша да бір­неше атаулар кездеседі. Мы­салы: тайқазан, қазық, себет, сызылған шеңбер. Бұл, бір жа­ғы­нан, көкпар ойынының қауіп­сіздік тарапынан эволюциядан өт­кен себебінен. 
Жалпы, көкпар ойыны ежел­ден түркі халықтарында ой­налып келе жатқан дәстүрлі ат үсті ойындардың бірі болып са­налады. Бұл ойын тек ойын­дық мәнге ғана ие емес, со­нымен қатар халықтың на­за­рын аудару, батырлықты көр­­сету, әскери машықты шың­дау сияқ­ты әлеуметтік және әскери функ­цияларды да атқарған. Осы тұрғыда оны гла­диаторлық ойындармен са­лыс­тыруға бо­ла­ды, себебі онда да қа­ты­су­шылардың ше­берлігі, ба­тыл­дығы мен фи­зи­калық күшін көрсетуге мүм­кін­дік берілген. Осылайша ойын­ның эти­мо­ло­гиясы мен атаулары әртүрлі этнографиялық және мәдени контекстерде қалыптасқан, әр елде шығу тарихына қатысты әртүрлі пікір бар. 
Қазіргі таңда ойынның ор­тақ атауының болмауы халы­қ­аралық деңгейде өзінше спорт түрі ретінде дамуына кедергі жасап отыр. Жоғарыда келті­ріл­ген деректер мен түрлі ел­дер­дегі атауларды ескере отырып, «бөрілер тартысы» де­ген атау барлық дәстүрлі нұс­қаларды біріктіретін бейтарап, функционалды термин ретінде ұсынылуы мүмкін деген ой бар.

 

Бейбіт ӨСТЕМІРОВ,
Дене шынықтыру және спорт кафедрасының 2-курс докторанты