Көкпар – көне түркі халықтарының тарихи мұрасы
Көкпар – тек қазақ халқының ойыны ғана емес, көне түркі халықтарының тарихынан бастау алатын қазіргі мемлекеттер мен ұлттардың ортақ мәдени-тарихи мұрасы. Ойынның атауы әр елде түрлі болып келеді: «көкпар», «көк бөрү», «улак-тартыш», «улак-купкари», «бузкаши». Қазіргі таңда көкпар ойыны Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия және Мажарстан аумақтарында таралған.
Тарихи тұрғыдан көкпардың қалыптасуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады: Түркі қағанаты дәуірі, ортағасырлық көшпелі қоғам кезеңі және XIX ғасырдағы этнографиялық жазбалар кезеңі.
«Көк» сөзінің мағынасы аспан, тәңір, көктем, киелілік ұғымдарымен қатар жүреді (Ж.Пансат, 2023). «Күлтегін» және «Білге қаған» бітіктас жазуында түріктер өздерін «Көк түріктер» деп атаған. Мұндағы «көк» түстік мағынаны емес, космостық – аспан мағынасын білдіреді. Сондықтан «көк түріктер» деп емес, «аспан түріктері» деп ұққанымыз жөн (М.Сұлтанов, 2022). Бұл компонентке қатысты ғылыми пікірталас аз, «-пар» жалғасы туралы бірнеше көзқарас бар. Кейбір зерттеушілер оны көне түркі «бөрі» сөзінің фонетикалық өзгерген нұсқасы деп қарастырады. Ал басқа пікір бойынша «-пар» сөзі «паршалау» ұғымымен байланыстырылады, яғни олжа үшін тартыс мағынасын білдіреді. Бұл семантика ойын мазмұнымен сәйкес келеді. Қазақтың батырлық эпосында олжа үшін таласу мотивтері кездеседі. Мысалы, «Ер Тарғын» эпос жырында «Оза шауып олжа алған, таласты жерде жүлде алған» сияқты жолдар ат үстіндегі бәсеке мен олжаға талас мәдениетін көрсетеді. Алайда бұл мәтіндер көкпар ойынының тікелей сипаттамасы емес, тек көшпелі әскери-ойындық дәстүрдің көркем бейнесі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар түркі халықтарының мифологиялық жүйесінде «тұлпар» ұғымы ерекше орын алады. Фонетикалық тұрғыдан «көкпар» және «тұлпар» сөздерінде ортақ «-пар» компонентінің болуы олардың тарихи байланысына қатысты жорамал жасауға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі тіл білімінде бұл екі сөздің тікелей этимологиялық туыстығы дәлелденбеген.
В.В.Радлов өз еңбектерінде қасқырлардың арланы саналатын көк бөрілер туралы жазған болатын. Сол сияқты жайылымда қой-ешкінің басында жүретін серке мен қошқарлар да болады. Кей сәттерде оларды көк-серке деп те атайтын (М.Туркмен, 2023). Бұл түс қазақтарда әрдайым пір тұтылған. Мал басында көк қасқа жылқының кездесуіне ерекше көзқараспен қараған.
Ал қырғыз этнографиялық материалдарында «көк бөрү» атауы «көк қасқыр» ұғымымен сипатталады. Кейбір түсіндірулер бойынша, ертеде қасқыр аулаудың ерекше түрі болған. Аттылар қасқырды қуып жетіп, аулағаннан кейін оны ер-тоқымға салып, өзара тартысқа түсетін болған. Бұл нұсқа ойынның шығуын аңшылық тәжірибеге сәйкестендіреді (Организационный комитет III Всемирных игр кочевников, 2018).
Сонымен қатар бұл түсіндіруге қатысты күмәнді пікірлер де бар. Кейбір зерттеушілер жылқының қасқырдан табиғи түрде үркетінін ескере отырып, мұндай тәжірибенің кең таралған дәстүр болғанына күмән келтіреді. Сондықтан «көк бөрү» атауының қасқырмен тікелей байланысы тарихи факті ретінде емес, этнографиялық түсіндіру нұсқаларының бірі ретінде қарастырылады.
Тағы бір зерттеулерде көне замандарда ерекше, элиттік аттылардан құралған арнайы отрядтардың болғаны айтылады. Мысалы, «бұрынғы ата-бабаларымыз майдан шебінде қалған жаралыны немесе туысын шапқан атын тоқтатпастан жерден іліп әкету үшін осы әдіс-тәсілді қолданса керек». Бұл тәжірибе көне түркі әскери дәстүрінде де кездеседі «жауынгердің денесін әкеткен адам оның мүлігіне иелік ететін» (М.Туркмен, 2023).
Қырғыз эпосында Манас сюжетіне сәйкес, Манас ханның әйелі Каныкей-Хатун бір түні керемет түс көреді. Таңертең ол түсін елге айтып береді және олар Каныкей-Хатунға былай дейді: «Kök cal töböt börü», яғни бұл бала «көкманед – сұмдық қасқырға» ұқсас болады деген ой білдіреді (М.Туркмен, 2023). Қасқырға аңға шығудан гөрі, бөріге салыстыру теориясы логикаға сай келеді.
Эпостарда көкпарды тек ойын ретінде емес, сонымен бірге әскери символика ретінде қарастырған. Халықты жаулап алу, шайқас пен жеңіс метафорасы ретінде көрсетілген. Яғни ойындағы жеңіс – тікелей соғыс жеңісінің бейнесі болып есептелген.
Ойында қолданылатын жануарға қарай лақ тартыс, бұзау тартыс атаулары да кездеседі.
Көкпар ойыны жалпы ерекше жағдайларда өткізілген. Мысалы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы жинағында (2018) көкпардың этнографиясы мен тарихына қатысты мынаны айтқан: «Көкпардың байырғы дәстүрлі ойын нұсқасында көкпарды ойыншы өз аулына немесе өз ошағына әкеліп тастайтын болған». Яғни бұл жерде сойылған ұсақ малдың отбасына олжа ретінде құны болған. Кей кездері ойын аяқталған соң, қолданылған серкенің еті беделді адамдардың, кейде мұқтаждардың үйлеріне апарылған (2018). Бұдан қазақтың кез келген дәстүр ойындарының астарында терең мағынаның жатқанын байқауға болады. Кейін бұл үйде сол көкпаршыларға арнайы ас берілетін. Қазіргі уақытта да көптеген қазақ ауылдарында бұл тәртіп сақталып келеді.
О.Қаратаев (2022) болса өз жұмысында ешкі сойылуын салттық әрекет ретінде қарастырып, адамдардың әлемдегі хаос пен қараңғылықтан құтылуына бағытталған деп сипаттайды. Бұл түсінік діни ұстанымдарға жақын болып келеді. Ислам дінінде қан ағызу кезінде теріс энергия немесе негативті факторлардың кететініне сенім бар.
Ойында қақпа болып есептелетін салым бойынша да бірнеше атаулар кездеседі. Мысалы: тайқазан, қазық, себет, сызылған шеңбер. Бұл, бір жағынан, көкпар ойынының қауіпсіздік тарапынан эволюциядан өткен себебінен.
Жалпы, көкпар ойыны ежелден түркі халықтарында ойналып келе жатқан дәстүрлі ат үсті ойындардың бірі болып саналады. Бұл ойын тек ойындық мәнге ғана ие емес, сонымен қатар халықтың назарын аудару, батырлықты көрсету, әскери машықты шыңдау сияқты әлеуметтік және әскери функцияларды да атқарған. Осы тұрғыда оны гладиаторлық ойындармен салыстыруға болады, себебі онда да қатысушылардың шеберлігі, батылдығы мен физикалық күшін көрсетуге мүмкіндік берілген. Осылайша ойынның этимологиясы мен атаулары әртүрлі этнографиялық және мәдени контекстерде қалыптасқан, әр елде шығу тарихына қатысты әртүрлі пікір бар.
Қазіргі таңда ойынның ортақ атауының болмауы халықаралық деңгейде өзінше спорт түрі ретінде дамуына кедергі жасап отыр. Жоғарыда келтірілген деректер мен түрлі елдердегі атауларды ескере отырып, «бөрілер тартысы» деген атау барлық дәстүрлі нұсқаларды біріктіретін бейтарап, функционалды термин ретінде ұсынылуы мүмкін деген ой бар.
Бейбіт ӨСТЕМІРОВ,
Дене шынықтыру және спорт кафедрасының 2-курс докторанты
Other news