«Инклюзивтілік және патриоттық: бірлік пен толеранттылықты дамыту»
2026 жылғы 9 сәуірде кураторлық сағат аясында «Инклюзивтілік және патриоттық: бірлік пен толеранттылықты дамыту» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараны Айтжан Балжан Саматқызы мен Давесов Диас Маратович жүргізді. Іс-шараның өтуіне Айтмағамбетова Малика Муратовна мен Рахимова Марал Султанбековна жетекшілік етті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушыларға инклюзивтілік, патриоттық және толеранттылық ұғымдарының мәнін түсіндіру, олардың қоғам өміріндегі маңызын ашу, сондай-ақ жастар арасында бірлік, өзара құрмет, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық келісім құндылықтарын қалыптастыру болды.
Кураторлық сағат барысында қазіргі жаһандану кезеңіндегі қоғамның алуан түрлілігі, мәдениеттер арасындағы байланыс, әлеуметтік теңсіздік, кемсітушілік, мәдени түсінбеушілік және поляризация сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Осы орайда инклюзивтілік – қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік беру, толеранттылық – өзгешеліктерді құрметтеу, ал патриоттық – елге деген сүйіспеншілікпен қатар азаматтық жауапкершілікті сезіну екені жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында студенттерге инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Әрбір адам ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына, дүниетанымына қарамастан қоғамның толыққанды мүшесі екені айтылды. Сонымен қатар патриотизм ұғымы тек Отанды сүюмен ғана шектелмей, елдің дамуына үлес қосу, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, ортақ құндылықтарды құрметтеу тұрғысынан қарастырылды. Ал толеранттылық бейбітшілік пен өзара түсіністіктің негізгі кепілі ретінде сипатталды.
Теориялық бөлімнен кейін іс-шараны жүргізушілер Айтжан Балжан Саматқызы мен Давесов Диас Маратович білім алушыларға шығармашылық тапсырма ұсынды. Тапсырмаға сәйкес бакалавр студенттері 3 топқа бөлініп, әр топ өз тақырыбы бойынша постер дайындады.
1-топ «Инклюзивтілік» тақырыбында постер жасап, қоғамда әрбір адамның орны бар екенін, ешкімнің шеттетілмеуі керектігін және баршаға тең мүмкіндік берілуі тиіс екенін көрсетті.
2-топ «Толеранттылық» тақырыбы бойынша постер әзірлеп, өзара сыйластық, түсіністік, татулық және бейбіт қатар өмір сүру идеясын бейнеледі.
3-топ «Патриоттық» тақырыбында постер жасап, заманауи патриотизмді бірлікпен, жауапкершілікпен және ортақ ұлттық құндылықтармен байланыстырды.
Әр топ өз жұмысын таныстырып, постердің негізгі идеясын, қолданылған белгілер мен бейнелердің мағынасын, сондай-ақ қоғамға жеткізгісі келген негізгі ойын түсіндірді. Бұл тапсырма студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашуға, топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және берілген тақырыпты тереңірек меңгеруге мүмкіндік берді.
Жетекшілік еткен Айтмағамбетова Малика Муратовна мен Рахимова Марал Султанбековна ұйымдастырған бұл кураторлық сағат студенттердің белсенді қатысуымен өтті. Іс-шара барысында білім алушылар өз пікірлерін еркін білдіріп, қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызы туралы ой бөлісті. Олар инклюзивтілік, толеранттылық және патриоттық ұғымдарының өзара тығыз байланысты екенін және бұл құндылықтардың қазіргі қоғам үшін аса маңызды екенін түсінді.