Синоп университетімен серіктестік артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Синоп университетінің (Түркия) ректоры Шакир Ташдемир бастап келген делегациямен кездесті. Тараптар академиялық ұтқырлықты арттыру және іргелі ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуде Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Түркияның жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестігі жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті. Бүгінде қара шаңырақ бауырлас елдің 40-тан астам жетекші университетімен тығыз байланыс орнатқан, сондай-ақ Ыстамбұл қаласында ҚазҰУ филиалы табысты жұмыс істеуде. Бірінші проректор ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында қосдипломдық бағдарламаларды іске қосу, Erasmus+ және «Орхун» жобалары шеңберінде студенттер мен оқытушылар алмасуды жандандыруды ұсынды. Сонымен қатар медицина, биотехнология, IT және түркітану салаларында бірлескен зертханалар құрудың стратегиялық маңызына тоқталды.

Өз кезегінде Синоп университетінің ректоры Шакир Ташдемир жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстанның іргелі оқу орнымен серіктестік орнату олар үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Ол Синоп университетінің интернационалдандыру саясатына тоқталып, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы мен мәдени-білім беру жобаларын бірлесіп атқаруға дайын екенін білдірді.

Жиын соңында тараптар әріптестікті тереңдетудің нақты жол картасын айқындап, түркі әлемінің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар