Заманауи есеп пен аудит мәселелері талданды — ҚазҰУ

91ý

Заманауи есеп пен аудит мәселелері талданды

9 сәуір 2026
Заманауи есеп пен аудит мәселелері талданды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұрақты трансформациялар дәуіріндегі есеп, аудит және талдау: үлкен деректер, жаңа технологиялар және ТДМ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараны Тұрақты даму мақсаттарының «Сапалы білім беру»,   «Лайықты еңбек және экономикалық өсу»  бағыттарын іске асыру аясында Экономика және бизнес жоғары мектебінің Қаржы және есеп кафедрасы ұйымдастырды. 

Дөңгелек үстел ұлттық бухгалтерлік есеп, аудит және экономикалық талдау мектебінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Владимир Константинович Радостовецтің туғанына 100 жыл толуына арналды.

Жиын барысында экономиканың цифрлануы жағдайында есеп пен аудитті дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Қатысушылар кәсіби ортада үлкен деректерді (Big Data), заманауи цифрлық технологияларды және инновациялық сараптама құралдарын қолданудың маңыздылығына назар аударды.

Дөңгелек үстел жұмысына ғалымның ұлы, «ЦентрАудит-Қазақстан» тәуелсіз аудиторлық компаниясының директоры Виктор Радостовец, э.ғ.д., профессор Мұхтар Ержанов, Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының орынбасары Шыңғыс Нұрғазы, ардагер ұстаз Мәди Байдәулетов, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен жас зерттеушілер қатысты.

Сарапшылар бүгінгі есеп-талдау жүйесі жай ғана бақылау құралы емес, тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау мен экономикалық өсімді қамтамасыз етудің стратегиялық ресурсы екенін атап өтті. Баяндамаларда бухгалтерлік есептің цифрлық трансформациясы, ESG тәсілдерін корпоративтік есептілікке енгізу және жаңа дәуір талабына сай жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиын соңында еске алушылар В.К.Радостовецтің ғылыми мұрасына тоқталып, оның еңбектері бүгінгі цифрлық экономика жағдайында да өзектілігін жоймағанын және заманауи ғылыми тәсілдердің негізі болып қала беретінін тұжырымдады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі