ҚазҰУ ғалымдары отандық LLM жобасы нәтижелерін таныстырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде V халықаралық Фараби форумы аясында «Responsible AI: Navigating the Future of Kazakh Language Models» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік воркшоп өтті.
ІТ саласының жетекші ғалымдары, зерттеушілер мен жас мамандардың басын қосқан бұл шарада қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельдерді (LLM) әзірлеу, енгізу және оларды жауапты әрі этикалық тұрғыда қолданудың өзекті мәселелері сараланды.
Сонымен қатар іс-шара жасанды интеллект саласындағы отандық зерттеулерді ілгерілетуге және ғылыми қауымдастық арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Жиынның ашылу рәсімінде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева сөз сөйлеп, жаһандық цифрлық трансформация жағдайында ұлттық тілдік технологияларды дамытудың стратегиялық маңыздылығын баса айтты.
Бағдарлама аясында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» жобасының нәтижелері таныстырылды. Қатысушылар назарына ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы әзірлеген интеллектуалды жүйелердің прототиптері мен заманауи қолданбалы шешімдері ұсынылды.

Воркшоп барысында сала мамандары баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасты. Атап айтқанда механика-математика факультетінің деканы, профессор Мәдина Мансұрова, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, Назарбаев университетінің зерттеушілері Ербол Абсалямов пен Жанат Мақатаева, сондай-ақ Мажарстандағы Обуда университетінің профессорлары Амир Мосави және Имре Фелде жасанды интеллект және ақпараттық технологияларды дамыту бағытындағы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар