Чжэнчжоу университетімен инновациялық жобалар әзірленеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен Қытайдың Чжэнчжоу университеті делегациясының кездесуі өтті. Тараптар ғылым және білім беру салаларындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту мен инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Еркін Дүйсенов Қытайдың жоғары оқу орындарымен байланыс орнату университеттің халықаралық қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. «Бүгінде ҚазҰУ – факультеттер мен ірі ғылыми-зерттеу институттарын біріктірген заманауи зерттеу университеті. Біз екі елдің ғалымдары мен студенттерін жақындастыратын ғылыми дипломатияның тиімді алаңына айналдық. Әлемнің жетекші университеттерінің қатарында бола отырып, біз технологиялық және академиялық ынтымақтастықты тереңдетуге әрдайым ашықпыз», – деді бірінші проректор.

Келіссөздер кезінде академиялық ұтқырлық бағдарламаларының нәтижелері ерекше аталды. ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары Қытайдың үздік ЖОО-ларында тағылымдамадан өтуде, ал қытайлық профессорлар қара шаңырақта тұрақты түрде дәріс оқып келеді. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында табысты жұмыс істеп тұрған Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы мен Робототехника орталығының тәжірибесі сөз болды.

Тараптар цифрлық технологиялар саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды, халықаралық зертханаларды дамыту мен инновациялық инфрақұрылымды нығайту жоспарларын қарастырды. Чжэнчжоу университетінің өкілдері өз кезегінде білім беру бағдарламаларын бірлесіп іске асыруға және академиялық алмасуды жаңа деңгейге көтеруге дайын екендіктерін білдірді.
Жиын соңында тараптар екі елдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі