- Басты бет
- Жаңалықтар
- Туризмді ілгерілету тәжірибесі: студенттердің туристік ақпараттық орталыққа аудиториядан тыс сабақ
Туризмді ілгерілету тәжірибесі: студенттердің туристік ақпараттық орталыққа аудиториядан тыс сабақ
2026 жылдың 4 сәуір күні «6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасының 3 курс (қазақ тобы) студенттеріне «Туристік қызметтерді жылжыту және коммерцияландыру» пәні аясында аудиториядан тыс тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды. Сабақ барысында студенттер 28 гвардия-панфиловшылар саябағы аумағында орналасқан Туристік ақпараттық орталыққа барып, туризм саласындағы қызмет көрсету ерекшеліктерімен танысты. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, туристік қызметтерді жылжыту мен коммерцияландырудың нақты тетіктерін көрсету, сондай-ақ тарихи нысандар негізінде туризмді дамыту мүмкіндіктерін талдау болды. Іс-шара рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Пазылхайр Б.М. жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында студенттер орталыққа жақын орналасқан 1904 жылы салынған тарихи ғимараттың тарихымен танысты. Бұл ғимарат бұрын әртүрлі мақсатта пайдаланылған және өз кезеңінде маңызды нысандардың бірі болған. Қазіргі таңда Туристік ақпараттық орталық бұл ғимаратта орналаспаса да, оның тарихи маңызы студенттерге кеңінен түсіндірілді. Студенттер тарихи ғимараттардың туристік тартымдылығын арттырудағы маңызы мен олардың мәдени-танымдық туризмдегі рөлін ерекше қызығушылықпен тыңдады.
Орталық консультанты студенттерге туристермен жұмыс істеудің ерекшеліктерін, ақпараттық қызмет көрсету жолдарын, туристік маршруттарды ұсыну әдістерін және қала қонақтарына бағыт-бағдар берудің тиімді тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар, тарихи орындарда орналасқан туристік орталықтардың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары да атап өтілді.
Сабақ барысында студенттер бұған дейін Атакент ҚІЫО маңында орналасқан Туристік ақпараттық орталыққа жасаған сапарымен салыстырмалы талдау жүргізді. Атакент аймағындағы орталық заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, көрме кешеніне жақын орналасқан және іскерлік туризмге бағытталған болса, Панфиловшылар саябағындағы орталық тарихи-мәдени туризмге көбірек бағытталғаны атап өтілді. Бұл салыстыру студенттерге әртүрлі туристік орталықтардың қызметін тереңірек түсінуге және олардың мақсатты аудиториясына қарай ерекшеленетінін айқындауға мүмкіндік берді.
Практикалық бөлімде студенттер туристерге қызмет көрсету сценарийлерін талдап, нақты жағдайларға байланысты шешім қабылдау дағдыларын дамытты. Сонымен қатар, тарихи нысандарды туристік өнім ретінде тиімді пайдалану, оларды насихаттау және коммерцияландыру жолдары бойынша пікір алмасты. Аталған іс-шара студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, олардың кәсіби ой-өрісін кеңейтуге ықпал етті. Мұндай тәжірибелік сабақтар білім беру үдерісінің сапасын арттырып, болашақ мамандардың еңбек нарығына бейім, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына зор үлес қосады. Іс-шара соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, орталық қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Басқа жаңалықтар