- Басты бет
- Жаңалықтар
- Теориядан тәжірибеге: туризм студенттерінің туристік орталықтағы тәжірибелік сапары
Теориядан тәжірибеге: туризм студенттерінің туристік орталықтағы тәжірибелік сапары
2026 жылдың 28 ақпан күні «6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері үшін «Туристік қызметтерді жылжыту және коммерцияландыру» пәні аясында танымдық әрі тәжірибелік маңызы зор іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, студенттер «Атакент ҚІЫО» маңында орналасқан Туристік ақпарат орталығына арнайы барып, туризм саласындағы нақты жұмыс үдерісімен танысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ туризм мамандарының теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, туристік қызметтерді жылжыту тетіктерін іс жүзінде көрсету және саланың қазіргі даму бағыттары туралы түсініктерін кеңейту болды.
Іс-шара рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Пазылхайр Б.М. жетекшілігімен ұйымдастырылды. Орталықта студенттерді тәжірибелі орталық консультанты қарсы алып, орталық қызметінің негізгі бағыттары мен күнделікті жұмыс барысын жан-жақты таныстырды. Орталық консультантының айтуынша, орталықтың басты міндеті – Алматы қаласына келетін туристерге сапалы ақпараттық қызмет көрсету, туристік бағыттар бойынша кеңес беру, сондай-ақ қаланың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету болып табылады.
Экскурсия барысында студенттерге туристермен жұмыс істеудің заманауи әдістері, ақпараттық материалдарды дайындау, цифрлық платформаларды пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы туристік өнімдерді жарнамалау жолдары туралы толық мәлімет берілді. Сонымен қатар, туристік өнімді нарыққа шығару, оны тиімді коммерцияландыру және тұтынушы сұранысына бейімдеу мәселелері де кеңінен қозғалды. Практикалық бөлімде студенттер нақты кейстермен танысып, туристерге қызмет көрсету сценарийлерін талдады. Бұл олардың кәсіби дағдыларын дамытуға, клиентпен тиімді коммуникация орнату қабілеттерін жетілдіруге үлкен мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, болашақ маман ретінде өз бағыттарын нақтылауға ықпал етті. Осындай тәжірибелік сабақтар білім беру үдерісінің сапасын арттырып, студенттердің еңбек нарығына дайын, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Іс-шара соңында студенттер орталық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, алған білімдері мен әсерлерімен бөлісті.
Басқа жаңалықтар