«Шығыс мәдениетаралық диалог кеңістігінде» — ҚазҰУ

91ý

«Шығыс мәдениетаралық диалог кеңістігінде»

7 сәуір 2026
«Шығыс мәдениетаралық диалог кеңістігінде»

2026 жылғы 07 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұйымдастырылған «Шығыс мәдениетаралық диалог кеңістігінде» атты халықаралық олимпиада аясында өткен «Шығыс тілдерінде өлең оқу» байқауына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасының студенттері қатысып, оқу орнының абыройын жоғары деңгейде таныта білді. Аталған байқауда кафедрамыздан «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 2–3 курс студенттері өнер көрсетіп, өздерінің тілдік дайындығын, сахна мәдениетін және көркем оқу шеберлігін сәтті паш етті.

Байқауға кафедра атынан 2-курс студенттері Бахалова Аиша мен Нурбердиева Огулсапар, сондай-ақ 3-курс студенттері Мубарак Алтынай мен Қадырхан Марал қатысып, шығыс тілдеріндегі поэзиялық туындыларды мәнерлеп оқу арқылы көрермендер мен ұйымдастырушылардың ыстық ықыласына бөленді. Студенттер байқау барысында жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық белсенділігін және әдеби-мәдени талғамдарын көрсете отырып, алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – шығыс халықтарының тілі мен мәдениетін насихаттау, білім алушылардың көркем мәтінді мәнерлеп оқу қабілеттерін дамыту, олардың тілдік және мәдениетаралық құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі білім және мәдени байланыстарды нығайту болды. Байқау барысында қатысушылар шығыс тілдеріндегі поэзия үлгілерін орындап, тілдік сауаттылықтарын, сахналық мәдениетін және әдеби туындыны терең сезіне отырып жеткізе білу қабілеттерін көрсетті.

Аталған халықаралық байқаудың ерекшелігі – оған тек Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия және өзге де шетелдерден келген қатысушылардың қатысуы болды. Бұл өз кезегінде шараның халықаралық мәртебесін арттырып, студенттердің түрлі елдерден келген құрдастарымен мәдени және рухани байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған мұндай білім және өнер сайыстары студенттердің жан-жақты дамуына, олардың тілдік ортада еркін жұмыс істеуіне және көпмәдениетті кеңістікте өзін-өзі сенімді таныта білуіне үлкен ықпал етеді.

ҚазҰУ студенттері байқау барысында жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық белсенділігін және ұлттық-мәдени құндылықтарға деген құрметін көрсетті. Әсіресе, өлеңді көркем оқу барысында олардың тілдік икемділігі, сахнада өзін ұстауы және шығарманы терең сезіне отырып жеткізе білуі көрермендер мен ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды.

Студенттерді байқауға Түркітану және тіл теориясы кафедрасының түрік тілі оқытушысы К.Б. Аширкулов пен аға оқытушысы Г.А. Канашаева дайындады. Оқытушылардың кәсіби жетекшілігі мен студенттердің жүйелі дайындығы нәтижесінде кафедра білім алушылары халықаралық деңгейдегі іс-шарада университет намысын абыроймен қорғай білді.

Осындай халықаралық олимпиадалар мен шығармашылық байқаулар студенттердің кәсіби, тілдік және тұлғалық дамуына зор ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар жастардың шығыс тілдері мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, халықаралық мәдениетаралық диалогты дамытуға және университеттің академиялық беделін нығайтуға қызмет етеді.

Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері К.Б. Аширкулов, аға оқытушысы Г.А. Канашаева, аға оқытушысы Камзина А.А.