- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да CILT бағдарламасы бойынша халықаралық білім беру перспективалары талқыланды
ҚазҰУ-да CILT бағдарламасы бойынша халықаралық білім беру перспективалары талқыланды
Экономика және бизнес жоғары мектебінде CILT (Логистика және көлік саласындағы Корольдік институт) халықаралық бағдарламасы бойынша оқыту перспективаларына арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шара «Логистика» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттар және логистика мен жеткізу тізбектерін басқару саласындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға қызығушылық танытқан оқытушылар арасында жоғары қызығушылық тудырды.
Семинардың мақсаты – қатысушыларды логистика саласындағы халықаралық сертификаттау мүмкіндіктерімен, сондай-ақ жаһандық еңбек нарығының өзекті талаптарымен таныстыру болды. Спикер ретінде экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор және CILT Central Asia бас хатшысы Қалтаев Айдын Қалдаяқұлы сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында бағдарламаның құрылымы, мазмұны және болашақ мамандар үшін практикалық маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Бағдарлама аясында оқыту студенттерге кәсіби дайындықтың халықаралық стандарттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді. Бағдарлама жүйелі ойлауды қалыптастыруға, аналитикалық дағдыларды дамытуға және белгісіздік жағдайында тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау қабілетін жетілдіруге бағытталған. Цифрлық экономика жағдайында және жаһандық жеткізу тізбектерінің күрделенуі кезінде мұндай құзыреттер табысты кәсіби қызметтің негізгі факторы болып табылады.
Бағдарламаның маңызды артықшылықтарының бірі – оның икемділігі және негізгі оқу үдерісімен қатар үйлестірілу мүмкіндігі. Студенттер CILT бағдарламасы бойынша оқуды бакалавриаттағы оқуымен қатар алып жүре алады. Бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін қатысушылар халықаралық CILT дипломын алады, ол жоғары білім туралы негізгі дипломға қосымша құжат ретінде беріледі. Бұл түлектерге еңбек нарығында айтарлықтай бәсекелік артықшылық беріп, олардың мансаптық мүмкіндіктерін ұлттық әрі халықаралық деңгейде кеңейтеді.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысу кәсіби байланыстарды дамытуға ықпал етеді, студенттерге логистердің халықаралық қауымдастығына қосылуға және саладағы үздік әлемдік тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, бағдарлама тек білім беру құралы ғана емес, сонымен қатар кәсіби өсудің стратегиялық ресурсы болып табылады.
Осындай семинарлардың өткізілуі университеттің заманауи білім беру технологияларын енгізуге және жаһандық экономика жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға деген ұмтылысын айқындайды.
Аталған семинарды ұйымдастырушылар – «Бизнес-технологиялар» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы: Ахметова З.Б., Турлыбекова Н.М., Шарапиева М.Д., Болтаева А.Ж.