Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы «Flora Expo Astana» халықаралық көрмесіне қатысты — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы «Flora Expo Astana» халықаралық көрмесіне қатысты

10 сәуір 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы «Flora Expo Astana» халықаралық көрмесіне қатысты

2026 жылғы 8-10 сәуір аралығында Астана қаласында «EXPO» Халықаралық көрме орталығы базасында көгалдандыру, ландшафтық сәулет, бау-бақша шаруашылығы және орнықты қалалық даму салаларындағы жетекші халықаралық алаңдардың бірі – «Flora Expo Astana» көрмесі өтті.


 

Бұл іс-шара ғылыми ұйымдар, университеттер, мемлекеттік құрылымдар және индустриялық серіктестерді біріктіретін маңызды кәсіби платформа болып табылады. Көрмеге Қазақстан, Германия, Нидерланд, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден 150-ден астам компания мен ғылыми ұйым қатысты. Қатысушылар жасыл инфрақұрылымды дамыту, климаттық өзгерістерге бейімделген ландшафтық шешімдер, өсімдіктер биотехнологиясы және қалалық экожүйелерді цифрлық мониторингтеу бағыттарындағы инновациялық әзірлемелерін ұсынды.



Іс-шараға РМК «Ботаника және фитоинтродукция институты» делегациясы құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы Шадманова Лаура Шарбатовна қатысты. Оның қатысуы молекулалық биология, генетика және қолданбалы ботаника арасындағы пәнаралық байланысты көрсетеді, бұл орнықты көгалдандыру стратегияларын ғылыми негізде әзірлеу үшін аса маңызды.



Көрме аясында молекулалық-генетикалық әдістер мен классикалық ботаникалық зерттеулерді біріктірген ғылыми нәтижелер ұсынылды. Ерекше назар өсімдіктердің генетикалық әртүрлілігін зерттеуге, абиотикалық стресс факторларына (құрғақшылық, тұздану, температура ауытқуы) бейімделудің молекулалық механизмдеріне және қалалық ортада қолдануға арналған төзімді формаларды іріктеуге аударылды. Бұл тәсіл өсімдіктердің тек морфологиялық емес, сонымен қатар геномдық деңгейдегі бейімделу әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

Айта кету қажет, 2024 жылы Шадманова Лаура Шарбатовна «6D061300 – Геоботаника» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін қорғап, «Жоңғар популяциясы жағдайындағы Malus sieversii (Ledeb.) M. Roem жаңа клон-сорттарын in-situ және ex-situ жағдайында зерттеу» тақырыбында диссертациясын аяқтады. Қазіргі уақытта ол РМК Ботаника және фитоинтродукция институты «Өсімдік ресурстарының биоалуантүрлілігі және орнықты дамуы» зертханасының меңгерушісі қызметін атқарады.



Көрме барысында ғылыми топ тұрақты көгалдандыруға арналған қолданбалы шешімдерді ұсынып, халықаралық сарапшылармен ландшафтық экология, урбанистика және өсімдіктердің молекулалық экологиясы бағытында тәжірибе алмасты. Молекулалық маркерлер мен геномдық деректерді қолдану арқылы өсімдіктердің климаттық өзгерістерге төзімділігін болжау мүмкіндіктері де талқыланды. Іс-шараға қатысу БҰҰ ТДМ үйлеседі және ботаника, молекулалық биология, экология және қалалық жоспарлау арасындағы интеграцияны күшейтуге ықпал етеді.

 

Молекулалық биология және генетика кафедрасы