Президент ҚазҰУ ғалымын марапаттады — ҚазҰУ

91ý

Президент ҚазҰУ ғалымын марапаттады

10 сәуір 2026
Президент ҚазҰУ ғалымын марапаттады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Жандос Тауанов ылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі президиумының мүшесі Жандос Төреғұлұлының ғылым саласындағы елеулі еңбегі мен зерттеу жұмыстары жоғары бағаланды. Марапатты Президент Ақордада өткен салтанатты рәсімде табыстады.

Жандос Тауанов – халықаралық тәжірибесі мол, білікті жас ғалым. Ол 2016-2019 жылдары Назарбаев университетінің Экологиялық ғылымдар және технологиялар тобында (ESTg) аға ғылыми қызметкер, ал 2019-2020 жылдары Оңтүстік Кореядағы Чунгнам ұлттық университетінде постдокторант болып қызмет атқарған. Сондай-ақ 2021-2022 жылдары Сауд Арабиясындағы KAUST университетінде физика ғылымының тьюторы ретінде шақырылған.

Отандық ғылымның ілгерілеуіне үлес қосып жүрген ғалым Кореялық зерттеу стипендиясының (KRF) және Қазақстанның дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері. Сонымен қатар Жандос Төреғұлұлы бірнеше ірі гранттық қаржыландыру жобалары мен жас ғалымдар конкурстарына жетекшілік етіп, өзекті экологиялық және биоресурстық мәселелерді зерттеумен айналысып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі