ҚазҰУ түлегі ғылымның дамуына қолдау көрсетті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ түлегі ғылымның дамуына қолдау көрсетті

10 сәуір 2026
ҚазҰУ түлегі ғылымның дамуына қолдау көрсетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде ылым қызметкерлері күні аясында «Гидрологиялық процестерді модельдеу» аудиториясы мен «Гидрометрия және су-техникалық ізденістер» зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған оқу аудиториясы мен зертхананың іске қосылуы гидрология және су ресурстарын басқару саласындағы білім беру мен ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жаңа оқу аудиториясында ArcGIS Pro, HEC-RAS және StokStat секілді озық геоақпараттық және гидрологиялық жүйелер енгізіліп, гидрологиялық процестерді модельдеу, кеңістіктік деректерді талдау және су ресурстарының негізгі сипаттамаларын жоғары ғылыми деңгейде есептеу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Ал оқу зертханасы студенттердің практикалық даярлығын күшейтуге және қолданбалы зерттеулер жүргізуге арналған. Мұнда гидрометриялық өлшеулер жүргізіліп, су нысандарының негізгі параметрлері талданады. Сонымен қатар далалық зерттеулер ұйымдастырылып, су шаруашылығы инфрақұрылымына кешенді техникалық бағалау жасалады. Нақты деректермен жұмыс істеу білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Салтанатты рәсімде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева сөз алды. Ол: «Бүгін біз тек жаңа аудиторияларды емес, білім мен ғылымды, теория мен тәжірибені ұштастыратын заманауи ғылыми-білім беру кеңістіктерін ашып отырмыз. Мұнда студенттер нақты деректермен жұмыс істеп, озық технологияларды меңгереді. Оқу барысында гидрология саласындағы қолданбалы міндеттерді шешуге машықтанады. Су қауіпсіздігі мен ресурстарды тиімді басқару мәселелері бүгінде ерекше өзекті. Сондықтан мұндай зертханалар қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын білікті мамандарды даярлауда аса  маңызды», – деп атап өтті.

Сондай-ақ География және су қауіпсіздігі институтының директоры, география ғылымының докторы Ахметқал Медеу құттықтау сөз сөйлеп, жаңа зертханалардың ғылыми әлеуетті арттырудағы маңызына тоқталды. Айтулы шараға академиялық қауымдастық пен серіктес ұйымдардың өкілдері де қатысып, өз қолдауларын білдірді.

Айта кету керек, жобаның жүзеге асуына университет түлегі әрі демеуші Нұрбол Бекәрімовтің қосқан үлесі зор. Оның демеушілігімен зертхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 

 

 

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі