«Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі»
ПФНжКФ кафедрасында ассистент-профессор Амренова А.У. , Габдуллина Г.Л. және Габдуллина А.Т. және магистранттар Сәли Д.С., Жүнісбекова Ә.М., Әбдірахман С.А. ұйымдастыруымен «Физика және нанотехнология» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттеріне арналған «Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – студенттерге Наурыз мейрамының тарихи мәнін, рухани мазмұнын және ұлттық мәдениеттегі орнын терең түсіндіру болды. Сонымен қатар, жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу және мәдени мұраны сақтауға бағыт беру негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға қазақ халқының бай мұрасы таныстырылып, ұлттық дәстүрлерден көріністер қойылды. Студенттер «тұсаукесер», «беташар», «шашу» сияқты салттарды сахналық түрде көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірді. Мұндай интерактивті тәсілдер студенттердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, іс-шара аясында интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, студенттер ұлттық құндылықтар, Қазақстан тарихы және этнография салалары бойынша өз білімдерін сынады. Ойын барысында қатысушылар логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және топпен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті.
Іс-шараның ерекше атмосферасы студенттердің белсенді қатысуымен және көтеріңкі көңіл-күйімен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық киім киіп, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері орындалып, мерекелік көңіл-күй қалыптасты.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – сапалы білім беру және мәдени мұраны сақтау бағыттарымен тығыз байланысты. Бұл бастама студенттердің бойында ұлттық бірегейлікті нығайтып, отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға және қоғамдағы бірлік пен келісімді дәріптеуге бағытталған.
Қорытындылай келе, бұл іс-шара студенттердің рухани дамуына оң әсер етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды алаңына айналды.
Басқа жаңалықтар