«Жер сағаты» — ҚазҰУ

91ý

«Жер сағаты»

8 сәуір 2026
«Жер сағаты»

«Тұрақты даму мақсаттары» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында  шетелдік тыңдаушы студенттердің қоршаған ортаға гуманистік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әрбір адам планетамыздағы экологиялық мәселелерді шешудің маңыздылығын және табиғатымыздың күйі әр адамға байланыстылығын түсінеді. Сондықтан біз кафедраның қытайлық студенттерімен бірге әлемдегі таза ауа мен таза су үшін күресетін белсенділер өткізетін акцияларға қосыламыз.

Мұндай акцияларды кез келген күні және кез келген жерде өткізуге болады. Бірақ дәл 2026 жылдың 28 наурызында «ТДМ №7 – арзан әрі таза энергия» аясында «Жер сағаты» өткізілді. Бұл — наурыздың соңғы сенбісіне жоспарланған және бүкіл әлемде, барлық елдер мен қалаларда атап өтілетін халықаралық экологиялық акция.

Осы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін адамдар экологиялық мәселелерге назар аудару және планетаға ұқыпты қарау мақсатында жарық пен электр құрылғыларын өшіреді. Мемлекеттік деңгейде танымал ғимараттар мен кеңселердің жарықтары символ ретінде сөндіріледі. Биыл Қазақстанда бұл акция экотуризмді дамытуға арналды. Тіпті «Ақорда» резиденциясы мен «Бәйтерек» монументі сияқты маңызды нысандардың да жарығы өшірілді.

2026 жылғы 28 наурызда біз де энергияны үнемдеу мақсатында сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін үйлерімізде, пәтерлерімізде және жатақхана бөлмелерінде жарықты сөндірдік. Бұл бір қарағанда елеусіз көрінген акция электр энергиясын үнемдеуге, қоршаған орта мен атмосфераның ластанбауына септігін тигізеді.

 

        Кафедра оқытушылары, эдвайзерлер: Төребекова Р.С., Мамытбекова Л.Қ.