«АРАЛ ТЕҢІЗІ КҮНІНЕ» АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛFarabi University

91ý

«АРАЛ ТЕҢІЗІ КҮНІНЕ» АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

10 сәуір 2026
«АРАЛ ТЕҢІЗІ КҮНІНЕ»  АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

10 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ассистент-профессоры Серікбай Қосанов пен «Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералидің ұйымдастыруымен «Aral Ecovision: Дағдарыс және даму жолдары» атты Дөңгелек үстел өткізілді.

 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылған 26 наурыз - «Арал теңізі күні» ретінде белгіленген. Биыл да сол атаулы күннен бастап еліміздің әр өңірінде Арал теңізі мәселелерімен бірге жалпы жасыл экология аспектілерін қаузайтын бірқатар халықаралық және республикалық жиындар өтуде. 10 сәуірде Астана қаласында «Байтақ – жасылдар» партиясының V Халықаралық конгресі өтті. Сондай-ақ кеше Арал қаласы маңында Орталық Азиядағы алғашқы «Geopark Aral» туристік орталығының ашылуына орай ауданға халықаралық сарапшы ретінде ЮНЕСКО-ның Ғаламдық геопарктер кеңесінің мүшесі, ЮНЕСКО-ның «Кешм» (Иран) Ғаламдық геопаркінің ғылыми үйлестірушісі Алиреза Амирказеми, сондай-ақ Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің жаратылыстану ғылымдары бағдарламалары бойынша маманы Елена Осипова келді.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінде ТДМ-14 «Теңіз экожүйелерін сақтау» бағыты аясында өткізілген «Aral EcoVision: Дағдарыс және даму жолдары» атты Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылардың мақсаты жоғарыда аталған «Арал күнін» еске ала отырып, ғаламда және біздің елімізде жыл өткен сайын күрделеніп бара жатқан экология проблемаларына қарсы тұруға үн қосу және бұған ЖОО ұстаздары мен білім алушы жастардың назарын аудару.

 Жиынға Алматы облысы «Байтақ» - жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Елдос Айбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Самал Дәрібаев, ф.ғ.к., доцент Ләйла Мекебаева, филология факультеті деканының тәрбие жөніндегі орынбасары Шоқан Шортанбай, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф. ғ. к., профессор Әбдібек Әміров т.б. ұстаз-ғалымдар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Шараға қатысқан докторант, магистранттар мен студент жастар Дөңгелек үстел қонақтарына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін білдіріп, жиынға белсене атсалысты. Жиын барысында Арал теңізінің өткені мен бүгіні, жағалау тұрғындарының тіршілігі туралы бейнебаяндар көрсетіліп, экология және этнография тақырыбында презентациялар қатысушылар назарына ұсынылды. Арал өңірінде туып-өскен ғалымдардың көк теңіз туралы айтқан естеліктері мен ғылыми деректері студент жастардың қызығушылығын туғызғаны жүздеріндегі толқыныстарынан байқалып тұрды.

 Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша университет ұстаздары мен білім алушылар тарапына бірнеше ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда:

• студенттер арасында экологиялық сауаттылық сабақтарын жүргізу;

• экология тақырыбындағы дипломдық жұмыстарды жиірек ұсыну;

• ЖОО студенттері арасында ерікті жастардан құралған экологтар қозғалысын ұйымдастыру;

• ЮНЕСКО аясында Арал Геопаркі ашылуына орай, жазғы демалыс маусымында Арал өңіріне саяхаттар ұйымдастыру;

  Мазмұнды әрі маңызды шараны қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі С.Д.Дәрібаев қорытындылап, ұйымдастырушылар мен Дөңгелек үстел қонақтарына ұжым атынан алғыс білдірді. Жиынға қатысушылар естелік фотосуретке түсті.