- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенттері «Start Anatomy Forum» халықаралық анатомиялық форумында екінші орын иеленді
ҚазҰУ студенттері «Start Anatomy Forum» халықаралық анатомиялық форумында екінші орын иеленді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетінің студенттері тағы да өздерінің жоғары академиялық деңгейін және ғылыми дамуға деген ұмтылысын дәлелдеп, беделді «Start Anatomy Forum» анатомиялық форумында университет намысын лайықты қорғады. Аталған іс-шара С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтіп, түрлі оқу орындарынан келген дарынды медицина студенттерін біріктірді.
Университет атынан Ом 24-02 тобының студенттері Сейдханов Достон мен Якуп Шахризада, сондай-ақ Ом 24-03 тобының студенті Насыров Ильхам қатысты. Кадыров А. А.-ның ғылыми жетекшілігімен команда анатомиялық білімді жүйелеу, заманауи ғылыми әдебиеттерді талдау және практикалық дағдыларды жетілдіру бағытында ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, олардың еңбегі жоғары бағаланып, қатысушылар арасында жүлделі екінші орынды иеленді.
«Start Anatomy Forum» көрнекті ғалым А. Р. Ракишевтің 95 жылдық мерейтойына арналды. Форум білім мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналып, қатысушыларға өзара ғылыми идеялармен бөлісуге, анатомия мен медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Аталған форумға қатысу Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде берілетін білім сапасының жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Мұндай жетістіктер іргелі теориялық білім мен практикалық дайындықты ұштастыратын кешенді білім беру жүйесінің нәтижесі болып табылады. Бұл үдерісте студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне бағыт-бағдар беріп, кәсіби құзыреттерін қалыптастыруда ғылыми жетекшінің рөлі ерекше.
Екінші орынды иелену студенттердің тек білім деңгейін ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыс істеу қабілетін, аналитикалық ойлауын және күрделі кәсіби міндеттерді шешу дағдыларын көрсетеді. Осындай ғылыми іс-шараларға қатысу сыни ойлауды дамытуға, білім алуға деген мотивацияны арттыруға және ғылыми зерттеулерге қызығушылықты нығайтуға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттердің ғылыми форумдар мен конференцияларға қатысу бастамаларын үнемі қолдап, олардың әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Студенттердің жетістіктері университеттің жоғары білім беру стандарттарының көрсеткіші болып табылады және оның елдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.
Студенттер мен олардың ғылыми жетекшісін осы лайықты жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл табыс олардың болашақ кәсіби және ғылыми жолындағы маңызды кезеңдердің бірі боларына сенімдіміз. Алдағы уақытта жаңа жетістіктер, шығармашылық табыс және барлық мақсаттарының сәтті жүзеге асуын тілейміз.
Басқа жаңалықтар