Жаһандық тұрақты даму бағытындағы серіктестік кеңейді — ҚазҰУ

91ý

Жаһандық тұрақты даму бағытындағы серіктестік кеңейді

10 шілде 2026
Жаһандық тұрақты даму бағытындағы серіктестік кеңейді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілі Джакартада (Индонезия) өткен Дүниежүзілік тұрақты даму конгресіне қатысты. Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен университет өкілдерінің басын қосқан ең ірі халықаралық алаңдардың бірінде оқу орнының атынан баяндама жасады.    

Форум бағдарламасы климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, білім беруді трансформациялау және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне арналған 365 тақырыптық сессияны қамтыды. Конгресс үздік әлемдік тәжірибелермен бөлісетін, сондай-ақ ғылым, білім және экологиялық саясатты дамытудың жаңа тәсілдерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Конгресс барысында Times Higher Education, Sulitest халықаралық платформасы, БҰҰ Университетінің Перспективті зерттеулер институты (UNU-IAS) және UI GreenMetric жаһандық рейтингінің өкілдерімен кездесулер өтті. Жиында бірлескен зерттеулер жүргізудің келешегі, білім беру бастамаларын дамыту және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.   

Конгрестің маңызды нәтижелерінің бірі – Sulitest платформасымен қол жеткізілген келісім. Соған сәйкес ҚазҰУ студенттерінің тұрақты даму бағытындағы тестілеу нәтижелері ағымдағы жылы Нью-Йоркте ұсынылған Біріккен ұлттар ұйымының жыл сайынғы есебіне енгізілді. Бұл университеттің Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Форум барысында тұрақты даму саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Манчестер университетінің тәжірибесі де зерделенді. Университеттің ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және тұрақты даму қағидаттарын басқару жүйесіне енгізу бағытындағы үздік тәжірибелері ҚазҰУ-дың жаңа жобаларын іске асыруда пайдаланылмақ.

Конгресс халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысты нығайтумен қатар, жаңа бірлескен жобаларға жол ашты. Қол жеткізілген уағдаластықтар пәнаралық зерттеулерді дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және экологиялық әрі әлеуметтік сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға негіз болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі