ҚазҰУ Ректоры үздік түлекке Конституция табыс етті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде диплом табыстау маусымының қорытынды кеші жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шара аясында География және табиғатты пайдалану факультетінің түлектеріне диплом табысталды. Мерекелік кешке университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, түлектер, ата-аналар және құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсім ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан кейін қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған бейнеүндеуін тыңдады.

Жиында ерекше тарихи сәт орын алып, оқу орнының үздік түлегіне Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасының Конституциясын салтанатты түрде табыс етті.

Өз құттықтауында ректор бұл қадамның символдық мәні зор екенін ерекше атап өтті: «Баршаңызды бүгінгі диплом табыстау салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы бітіру кеші еліміздің тарихындағы ерекше кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жақында ғана, 1 шілдеде Жаңа Конституциямыз толық күшіне енді. Президентіміздің бастамасымен «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» формуласы орнықты. Бұл жаңа Ата заң – тек мемлекеттің басты құжаты емес. Бұл – сіздер сияқты білімді, еркін және жасампаз жастардың алдынан ашылған даңғыл жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде: «Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас негізіне арқа сүйеп, мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», – деп атап көрсетті. Бүгінгі біз табыс еткен Ата заң сіздердің осы құндылықтарды ту етіп, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты бағдаршамдарыңызға айналуы тиіс». Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев бұл реформаларды, жаңадан құрылған Ұлттық құрылтай мен Халық Кеңесінің рөлін университеттің ғылыми қауымдастығы да толық қолдайтынын жеткізді.

Ректор өз сөзінде ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен ауқымды ғылыми-инновациялық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Бүгінде университет жаһандық QS рейтингінде 177-орынды иеленіп, әлемнің үздік ТОП-200 жоғары оқу орнының қатарында тұрақты орнықты. Оқу орны Азияда 38-орынға, ал Орталық Азияда бірінші орынға ие. Қазіргі таңда ҚазҰУ құрамында 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 24 ғылыми орталық пен 145 озық зертхана табысты жұмыс істеуде. Қара шаңырақта 27 мыңнан астам студент білім алса, оның 7 мыңы – әлемнің 53 елінен келген шетелдік азаматтар. Университеттің халықаралық желісі әлемнің 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнын қамтиды. Осы уақытқа дейін Ресей, Қырғызстан және Түркияда 3 табысты филиал ашылса, алдағы жылы Қытайда кезекті филиалды ашу жоспарланып отыр. Университетте 543 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, 400-ге жуық ғылыми жоба орындалуда. Соңғы екі жылда ғылыми инфрақұрылымды дамытуға 110 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.


Өз тарихында ҚазҰУ 210 мыңнан астам маманға өмірлік жолдама берді. Олардың қатарында ел Премьер-министрлері, Парламент Сенатының төрағасы, 59 министр, 80 академик және 41 Төтенше және Өкілетті Елші бар. Университет басшысы биылғы түлектер де осы даңқты шежірені лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.

Білім ордасының биылғы маусымдағы статистикалық көрсеткіштері де жоғары. Биыл География және табиғатты пайдалану факультетін 614 түлек тәмамдаса, оның қатарында 550 бакалавр және 64 магистр бар, ал жоғары академиялық жетістіктерімен ерекшеленген 189 түлек үздік дипломмен марапатталды. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы қара шаңырақ ҚазҰУ-ды 6 мыңға жуық жас маман бітіріп шықты, олардың ішінде 1225 түлек – үздік диплом иегері.

Салтанатты кештің соңы Қазақстанның мәдениет қайраткерлері мен университеттің шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен думанды мерекеге ұласты.















Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар