ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

10 шілде 2026
ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде цифрлық технологиялар мен инклюзивті білім берудің мүмкіндіктерін тоғыстырған жаңа веб-платформа таныстырылды. Өндірістік тәжірибе аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 студент БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) насихаттайтын заманауи веб-порталды әзірлеп шықты.

Жоба ҚазҰУ-дың IT-департаменті, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті мен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының бірлесе қолдауымен жүзеге асты. Оның басты ерекшелігі – шынайы инклюзивті орта қалыптастыруында. Есту және көру қабілеті шектеулі, сондай-ақ церебралды сал ауруына шалдыққан студенттер өзгелермен тең дәрежеде еңбек етіп, жоғары кәсіби нәтижеге қол жеткізді.

Жоба барысында қатысушылар командалық жоғары жұмыс үлгісін көрсетті. Үдеріс үздіксіз жүруі үшін кәсіби ымдау тілі маманы тартылды. Ал көру қабілеті бұзылған студент интерфейс дизайнын әзірлеуге қатысып, қолжетімділік бойынша тестілеуші ретінде порталдың барлық пайдаланушыға ыңғайлы әрі кедергісіз болуын қамтамасыз етуге атсалысты.

Студенттер веб-платформаның фронтенд құрылымын толықтай өздері әзірледі. Олар интерактивті іс-шаралар күнтізбесін, «Жаңалықтар» және «Медиа» бөлімдерін, ТДМ түстік навигациясына негізделген интерфейсті, медиагалереяны және институттың корпоративтік стилін қамтитын алты негізгі бөлімді жасады. Соның нәтижесінде кез келген құрылғыға бейімделген, заманауи, функционалды әрі қолжетімді цифрлық платформа өмірге келді.

Бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда сапалы білім беруді (ТДМ 4), теңсіздікті азайтуды (ТДМ 10) және орнықты даму жолындағы серіктестікті нығайтуды (ТДМ 17) іске асыруға нақты үлес қосып отыр.

Әл-Фараби атындағы Баспасөз қызметі