Жас ғалымдардың жетістігі: «Фараби әлемі – 2026» нәтижелері — ҚазҰУ

91ý

Жас ғалымдардың жетістігі: «Фараби әлемі – 2026» нәтижелері

13 сәуір 2026
Жас ғалымдардың жетістігі: «Фараби әлемі – 2026» нәтижелері

«Фараби әлемі – 2026» халықаралық ғылыми конференциясы аясында студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары шығарылып, үздік жобалар анықталды. Аталған байқау жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін айқындауға, олардың зерттеу дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларын қолдауға бағытталған маңызды академиялық алаң ретінде ерекшеленеді.

Конференция қорытындысы бойынша І орын 3 курс студенті Әшім Әсемге берілді. Оның «Asyl Zher» атты инновациялық жобасы топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған және ауыл шаруашылығында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған тиімді шешімдерді ұсынады. Жоба ғылыми жаңашылдығымен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді. ылыми жетекшісі – биология ғылымдарының кандидаты, доцент Бергенева Нургуль Сагиевна.

ІІ орын 4 курс студенті Исәділ Ақтілек Алматқызына бұйырды. Оның зерттеу жұмысы қонақжайлылық саласындағы бейсаналық жаңсақтықтың қызмет көрсету сапасына әсерін талдауға және оны төмендету жолдарын анықтауға бағытталған. Зерттеу нәтижелері қызмет көрсету саласын жетілдіру тұрғысынан маңызды ғылыми және практикалық мәнге ие. ылыми жетекшісі – PhD кандидат, аға оқытушы Нұрұлы Елдар.

ІІІ орынды 1 курс студенті Оспанова Адия Ерболқызы иеленді. Ол «деңгей-өтім» гидрометриялық тәуелділігінің тұрақтылығын Түрген өзені (Таутүрген ауылы гидробекеті мысалында) негізінде талдады. Аталған зерттеу гидрологиялық мониторингтің дәлдігін арттыруға және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған. ылыми жетекшісі – аға оқытушы Ердесбай Алмат Нұрбақұлы.

Сонымен қатар, магистрант Джаншаева Гульназ Шеризатовна Алматы қаласының жасыл аймақтары мен ғимаратты аумақтарының 1994–2024 жылдар аралығындағы 30 жылдық динамикасын геоақпараттық жүйелер мен қашықтықтан зондтау әдістерін қолдана отырып бағалау бойынша ғылыми жұмыс ұсынды. Зерттеу урбанизация үдерістерін талдау және қалалық экожүйелердің өзгерістерін бағалау тұрғысынан өзекті болып табылады. ылыми жетекшісі – PhD, доцент-зерттеуші Какимжанов Еркін Хамитович.

Ұсынылған ғылыми жұмыстар өзектілігімен, ғылыми негізділігімен және заманауи әдістерді қолдануымен ерекшеленді. Конференция нәтижелері жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруға, олардың кәсіби дамуына ықпал етуге және болашақ ғылыми ізденістеріне негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.