ҚазҰУ-да Студенттік спорт лигасының шахмат турнирі өтуде — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да Студенттік спорт лигасының шахмат турнирі өтуде

13 сәуір 2026
ҚазҰУ-да Студенттік спорт лигасының шахмат турнирі өтуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық алаңында Студенттік спорт лигасы аясында шахмат турнирі басталды. Интеллектуалды додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орындарының студенттік командалары қатысуда.

Ауқымды шара ҚР ылым және жоғары білім министрлігі және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Сайыс халықаралық стандарттарға сай рапид (тез шахмат) форматында өтуде. Бас төреші Сергей Ким мұндай жарыстардың студенттік спортты ілгерілетудегі маңызына тоқталды: «Шахмат – тек интеллектуалдық бәсеке ғана емес, сонымен қатар стратегиялық шешім қабылдау мен тәртіпті қалыптастыратын таптырмас құрал. Осындай турнирлер студенттерге өз қабілетін көрсетуге, кәсіби тәжірибе жинауға және шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік береді», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты спорттық нәтижемен шектелмейді. Жарыс студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін арттыруға, стресс жағдайында жедел шешім қабылдау дағдыларын дамытуға, сондай-ақ әділ ойын мәдениеті мен қарсыласқа деген құрметті нығайтуға бағытталған.

Шахмат бойынша студенттік ойындар 14 сәуірге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы марапаттарға ие болып, республикалық деңгейдегі келесі кезеңдерге қатысу жолдамасын алады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі