Ресейлік ЖОО филиалының даму қарқыны сарапталды — ҚазҰУ

91ý

Ресейлік ЖОО филиалының даму қарқыны сарапталды

13 сәуір 2026
Ресейлік ЖОО филиалының даму қарқыны сарапталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің проректоры Дмитрий Савкинмен кездесу өткізді.

Тараптар қос университет арасындағы әріптестік байланысты нығайту және ҚазҰУ базасындағы МИФИ ҰЯЗУ филиалының жұмысын жандандыру мәселесін талқылады.  Кездесу барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ академиялық ұтқырлықты арттыру бағыттары сөз болды.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен МИФИ университеті арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. «ҚазҰУ базасындағы МИФИ ҰЯЗУ филиалы өз жұмысын табысты жүзеге асырып келе жатыр. Соңғы 2-3 жылда оқу ордасының базасында түрлі бағыттағы ғылыми зертханалар іске қосылды. Осы орайда, зертханалардың мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, МИФИ университетімен ғылыми байланысты одан әрі жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Бұған қоса, академиялық алмасуды жандандыру, бірлескен ғылыми жобаларды көбейту және халықаралық рейтингтік журналдарға ғылыми мақалалар жариялау аса маңызды», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жүздесу барысында Дмитрий Савкин де екі жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталып, МИФИ тарапынан бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі